Әңгімелер ✍️
Аты жаман ауру әкемді айналып өтпеді
Мен осы уақытқа дейін "басқа салғанды көреміз" дейтін түсініктен аулақ болатынмын. Алайда басымнан өткен соңғы жағдай мені шарасыз қалдырды.
Қыстан кеше шықтық. Көктем айы басталып,қу тіршілікпен өз жұмыстарымызды жасап әлекпіз. Мен мектеп оқушысымын. Таңда кетіп,түсте бір-ақ келемін. Үйде жұмыс жасайтын—ағам. Үй шаруасы—жеңгемдің қолында. Ал анамның өзінің кішігірім кәсібі бар. Үйде құрақ жасап, үйдің бір жыртығын жасап отыр. Әкемнің зейнетке шыққанына біраз болды. Қанша жыл тынымсыз еңбек еткен жан тыныш отырсын ба,үйдің өзінде тыпыршып,сырттағы даланың жұмысын жасап қоятын. Барлығы көз алдыңда. Төрт құбылаң тең,арқаңды кеңге жайып, жүресің. Әр кеше мен Алла тағалама шүкіршілік айтатынмын. Бірақ бәрі біз ойлағандай оңай,осылай тыныш әрі бақытты өте берсе кәні? Әкемнің бұрыннан көк жөтелі бар еді. Бір тоқтап, жазылғанын көрген емеспін. Осы соңғы айларда дәрігерге қаралып, бронхит диагнозымен ем қабылдап жүр. Алайда нәтиже жоқ. Мен жеңіл түрі болар деп аса назар аударған жоқ едім. Бара бара әкемнің ауруы асқына түсті. Сол уақытта бір дәрігердің нұсқауымен онкологиялық орталыққа баруға бел буды.
Үйдегілер әкемді тексертуге алып кетті. Барып, диагнозын анықтағанда олар бар шындықты білді. Ауруы бронхит емес, онкологиялық ауру екен. Сенесіз бе, онкологиялық ауру дегеннің рак екенін білмегенмін. Үйдегілердегі бір ғана шешім— басқа салғанды көру,қабылдау. Менде бала жүрек сенсін бе,әкеме бұл ауруды тең көрмедім. Айлар өтуде, әкемнің тамағында мәселелер басталды. Алғашында көже тамақпен басталды. Сұйық тамақтарды өзін ғана қабылдайтын. Бара бара бұл асты езіп беруге тура келді. Шынында ол тамақты көргенде әкем:"қызым, тамағың быламық болды ғой" дейтін. Әкешім, амал жоқ қалайда ішіп ауқаттанбасаңыз болмайды деп ішкізетін едік. Басымнан өткен бұл оқиғаны бұл шағын орынға сыйдыру қандай қиын еді. Жазда ағайынның тойы болды. Әкеме көзім жәутеңдеп барайықшы дедім. Әкем менің көздеріме қарап өзінде ойламай барамыз деді. Бірақ бұлда болса әкеме қызықшылық болды. Тойға дайындалып жатырмыз. Әкем киініп жатыр,бірде дауысы қатты шығып кетті. Әй,күйдіргі өмір-ай деп ашынып жатыр. Барсам таққан ременьі белінен үлкен ғой өткызетін тесігі қалмаған. Әкемнің азып кеткенін сонда білдім. Қолына пышақ алып кесіп жатыр екен. Мен жылап жібердім үнсіз ғана. Ағам да сол уақытта келіп қалып,ағам әкеме көмектесті. Уақыт өтіп жатыр, алдында быламық болған тамақтың өзі әкемнің тамағынан өтер емес. Енді тамақ емес сұйық судай сорпа ішетін болды. Әкеме нені естісек соны жасап отырдық. Өзбекстанға барып ем қабылдап көрдік,болмады. Жыланды бөрененіңкі деп сорпа дайындап бердік. Иә шынында алдаудан басқа мүмкіндік болмады. Әр сорпасын ішерде бірге ниет етіп ішейік деп дұға жасайтын едік. Мен барлығын уақытша сынақ деп ойладым. Жаңалықта түрлі емхананы жарнамалап көрсететін. Әкемнің көзі жәутеңдеп, қарап отыратын. Фариза, қарашы мынау менің ауруымды айтып жатырған сияқты,мені емдейді ма дейтін. Менде ойын баласымын ғой әке,иә сіз жазыласыз деп сендіретінмін. Ешкімге көрсетпей жарнамадағы нөмерге байланысқа шығатын едім.Әкемнің жағдайын айтып беретінмін. Мен өзім қандай ауру екенін білмегендіктен нақты жауап та ала алмайтын едім. Мүмкін сол уақыттарда әкем ішінен ойлағанда шығар: "мені неге осында апармайды" деп. Уақыт дегенін алады. Әкем көз алдымда тамақсыз қалды. Тамағы бітелгені соншалық судың өзін қиын ішеді,артынша көтере алмай құсып тастайды. Қандай қиын. Әкем бозарып,арықтап кетті. Тіпті құл сүлдері қалған. Өзі қиналып,дауысы әрең шықса да, маған аман бол,сабағыңды жақсы оқы, деп саулығымды тілеп жататын. Үйге көңіл сұрап келушілер көбейді. Әкем қонақтарға қарама-қарсы қарап жататын. Ішіп жатқан астарын көргенде әкемнің көңіліне кірбің түскені өзіме де сезілетін. Жүрегім ауратын,көз алдымда өмірі өтіп бара жатыр. Мен сенбеймін,себебі маған үйдегінің біреуі болсын мән жайды ашып айтқан емес. Әкемнің құсып тастауы жиі қайталанатын болды. Іштей жаным алай-дүлей болып,өзімді жайсыз сезініп бастадым.
Соңғы бір апта.
Үйге бір әкеден тарағандар жиналды. Бауырларым әкемді түн күзетіп,отырды. Бірде ауа жетпей қалып, қосымша кислород қосуға мәжбүр болдық.Қарапайым бір қасық судың өзі мүмкін болмады. Мен ұйықтап кетіппін,көзімді ашсам бір ағам әкемнің тілін үйіріп,енді бір ағам ерні кезерген әкеме матаны сулап,сүртіп жатыр екен. Әкемнің төзімділігі,өзіміз бір күн тамақсыз ашыға кетеміз. Ал әкемнің тамақсыз күндері өткеніне 6 ай. Бір сатте бәрін доғарды. Аз аздан бізге өз өсиетін айтыр жатыр. Бір бірлеріңе қамқор болыңдар,аналарыңа қараңдар. Кішкентай қызға қараңдар. Ол мені айтып жатты. Бауырларым мен сізге разымын деп бір бірімен қоштасу сәті жүріп жатты. Ал мен тіпті бетіне қарай алмадым. 27сінен 28іне қараған түн, қыркүйек айында әкем өмірден озды. Мен қатқан күйі қатып,сіресіп қалдым. Болған жайтты қабылдай алар емеспін. Әкемнің 12жылдан кейін туған кенже қызы болғандықтан, мені қатты жақсы көрді. Менің әкеме деген махаббатым да шексіз еді. Бауырларым кеп құшақтағанда ғана жүрегім езілді. Қатты қатты өкіндім. Әкеммен әр кеште мақсаттарымды жікке тізіп,айтып беретінмін. Сонда әкем : Фариза,шынымен де мені осында апарасың ба? деп сұрағанда барлық жақсыны лайықтайтын едім. Әкемнің жақсылығын көру бұйырды,алайда әкеме менің жақсылығымды көру бұйырмады. Өмірімде жабылмаған -1 гещтальт осы болды. Аллам өзі рақымына алсын!
Сол күннен бастап қуыскеудеге айналдым. Қаладағы онкология орталығы аялдамасынан түскен әр кезде жүрегім ауратын. Үй қаңырап қалғандай, мінез-құлқым өзгерді. Ересектерше ойланамын деймін де, әке тақырыбына келгенде өзімді жоғалтып қоямын. Ішкі әлеммен байланыс кезінде тек ойлайтыным неге өзімді алдадым? Болған жайтты неге қабылдамадым? Енді түсінгенім тағдырымызға не жазылса,соны көреміз. Адамның дегені бола берсе кәні,бірден әкеммен кетер едім!
Түркістан облысы,
Қазығұрт ауданы,
"Ә.Бектаев атындағы ЖББМ" 11-сынып оқушысы
Хамит Фариза
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇