Өлеңдер ✍️

  16.01.2026
  184


Автор: Әліпов Айтбек Рымбекұлы

Қарлығаштың ұясы

Ұясы қарлығаштың қия шында,
Сол шыңға тасиды екен жиі асын да.
Себебі, шыр-шыр еткен қарлығаштың,
Бар екен бес балапан ұясында.

Ұшады дүниені айналып та,
Тапқанын жиыстырып қойған ұртта.
Күндіз де дамылдамай тамақ іздеп,
Тіпті, түс көрмейді екен Ай жарықта.

Баласын ешбір жауға алғызбапты,
Ас іздеп шаршағаннан жан мұздапты.
Осындай тұнық түннің біреуінде,
Ұяда бес балапан жалғыз қапты.

Сағынып жүрген кезде бес баланы,
Анасы құтқара алмай кеш қалады.
Жарқ еткен найзағайдың ұшқынынан,
Ұясын қарлығаштың өрт шалады.

Ұшуға өспеген соң буын қатып,
Ұядан ұшқалы түр бүгін бақыт.
Қанатын жаңа туған балапанның,
Тілсіз жау күйдіруде шырылдатып.

Жалынға балапандар түсіп болды,
Сұм ажал бесеуін де құшып келді.
Анасы бірдеңені сезгендей боп,
Асығып ұясына ұшып келді.

Жайлаған жауды көріп бар отымен,
Қарлығаш қош айтысып тағатымен.
Құтқарып қалама деп бес баласын,
Су бүркіп жатыр еді қанатымен.

Бір кезде ұя құлап сала берді,
Өртенген балаларын жаңа көрді.
Шарасыз қарлығаштың құйрығындай,
Жүрегі қарс айырылып қала берді.

Ақыры жылы ұясы табыт болды,
Шарасыз құстың күйі ғарып болды.
Шырт ұйқыдан сұм ажал шырылдатып,
Бес бірдей балапанын алып кетті.

Қағылмай қанатымен қазықтары,
Бар ма еді бес баланың жазықтары?..
Ендігі кімге керек қарлығаштың,
Балам деп жиып келген азықтары.

Ертерек қамданбасақ кеш болады,
Қолынан бөліп берген дос бағалы.
Наны жоқ ата-анаға жәрдем берсек,
Жұмысқа жібермеуші ед кешке ананы.

Өрт емес ата-ананың басындағы,
Жоқшылық жұтып кетті бес баланы.
Басында дәурен тұрмас мәңгі жастай,
Бұл үлгі адамдарға қалғымастай.
Адамдар бір біріне көмек қылсын,
Су сепкен қанатымен қарлығаштай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу