Өлеңдер ✍️
Алматым
Алматының шуақ төккен таң нұры,
Алатаумен егіз қала тағдыры.
Мұңды қуып тазартқандай, көңілді,
Жиі-жиі сіркірейді жаңбыры.
Түні әсем,жарқыраған шамдары,
Әсем қала арайлы атқан таңдары.
Білім іздеп келген талай жандардың,
Бір үмітін,бір үмітке жалғады.
Көктөбеңде жайқалады гүл бағың,
Алатауым көк тірейді шыңдарың.
Құшағыңда Шәмші әнімен сусындап,
Мұқағали өлеңдерін тыңдадым.
Жалын атқан жас-кәрінің жүздері,
Арман қала, сұлу қала біздегі.
Аты мәлім мұз айдыны Медеуде,
Жатыр талай саңлақтардың іздері.
Алматымды жүрген жандар ән қылып,
Еңбектері есте қалар жаңғырып.
Зәулім үйлер ғимараттар сендегі,
Димаш аға қолтаңбасы мәңгілік.
Ару қала тау бөктерін жайлаған.
Алма бағың көркіңді аша жайнаған.
Гүлзар бақша көмкеріліп гүлдермен,
Қызу еңбек тіршілігің қайнаған.
Саған ғашық болған жанның бірі едім,
Білім алып сенен ұшып түледім.
Қазағыма орда болған құт мекен,
Мәңгі жаса ару қала тілегім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇