Әңгімелер ✍️
Сол күнгі кеш ерекше тыныш еді. Ауада күтпеген бір жұмбақ сезім бардай.
Үйге келген соң, демалып,теледидар қарауды ұйғардым. Арналардың бірінде дәл сол сәтте "Музей түні"фильмі басталып жатыр екен. Көрмей өтіп кете алмадым. Әлдеқашан көргенмін, тіпті кей тұстарын жатқа білетінмін, бірақ сол күні фильм мені өзіне тартып тұрды.
Түн ортасы ауа экранда экспонаттардың тіріліп кететін сәттері басталғанда, біртүрлі әлсіз қорқыныш пен баладай қызығушылық бойымды қатар биледі. "Егер мұндай ғажайып шын өмірде де болса ше?" деген ой маза бермеді. Сол оймен фильм біткенше көзім экраннан айырылмады. Бірақ ең таңғаларлығы — фильм аяқталған соң да жүрегім әлі сол тылсымды іздеп тұрған еді.
Терезеден қарасам, ауыл үстінде ай ерекше жарық боп туған екен. Жарығы жерге төгіліп, жолды күміс түске бояп тұрды. Дәл сол сәтте есіме түсті: ауылдың шетінде ескі музей бар еді ғой — талай жылдан бері түнде ешкім бармайтын, күндіз де сирек адам аяғы басатын шағын ғимарат. Фильмнен алған әсер жүрегіме тыныштық бермей, аяқ-қолымды бір бәле қозғап, мені әлденеге итермелегендей болды.
"Барып көрмесем болмас…"
Туған ауылдың түнгі тыныштығын жарып жалғыз өзім жолға шықтым.
Музейге жақындағанда, жүрегімнің дүрсілі қаттырақ естіле бастады. Ғимарат қараңғыда қорқынышты көрінуі керек еді, бірақ сол түнде оны қорқынышты емес, өзгеше жұмбақ, тіпті жылы кейіпте көрдім. Терезесінен әлсіз жарық жылт еткендей болды. Жел соққаны шығар деп ойладым. Бірақ ішкі күмәнім мені тоқтатпады.
Музей есігін жайлап ұстап көрдім. Ашық екен.
Есікті ашып қалғаным сол — іштен жылы леп бетіме ұрды. Бұл жерге тән емес, беймәлім леп. Зал іші қараңғы болғанымен, әр бұрышында әлсіз сәуле бардай. Қабырғадағы суреттер мен ескі мүсіндер бұлыңғыр жарықта тіріліп кеткендей әсер қалдырды.
Бір сәтке өзімді фильмнің ішіне кіріп кеткендей сезіндім.
Аяғым өздігінен алға жылжи бастады. Қорықпадым. Қайта біреудің күтіп тұрғанын сезгендей болдым.
Залдың дәл ортасында музейдің ең көне жәдігері — таңбалы тас тұр еді. Күндіз талай рет көргенмін, бірақ бүгін… бүгін одан әлсіз жарық шығып тұрғандай болды. Басында көзіме солай көрінген болар деп ойладым. Бірақ тас кенет жыпылықтап, төңірегін ақ жарыққа толтырды.
Осы кезде музей іші… өзгеріп сала берді.
Дәл "Музей түні" фильміндегідей экспонаттар сыбырлап, қимылдай бастады. Мүсіндердің көлеңкесі қозғалып, сауыт-саймандар мен қылыштар сыңғыры естілді. Музей тіріліп кеткендей.
Мен көзімді жұмған да жоқпын — бәрі көз алдымда болып жатты.
Сол сәтте тастың жарығы жарқ етіп, мені өзіне тартып әкетті. Қорқынышты сезсем де, қашпадым.
Келесі секундта…
Мен музейдің ішінде емес, басқа әлемде тұрдым.
Бұл — ауылдың өткен өмірі еді.
…Көзімді ашқан сәтте өзімді таныс, бірақ мүлде басқа бір кеңістіктің ортасында тұрғанымды аңғардым. Бұл — мен білетін ауыл еді, бірақ дәл бұрынғыдай емес. Уақыт шегініп, ауылдың өткен ғасырдағы күйіне қайта оралғандай болдым.
Айналадағы үйлердің ескі балқарағай иісі мұрныма келді. Мүйісте тұрған қоралар, саманнан соғылған тамдар — бәрі дерлік тарихтың тіріліп кеткен көрінісі іспетті.
Түн тыныштығын бала-шағаның у-шуы емес, алыстан естілген ат тұяғының дүбірі бұзды. Қарасам, ауылдың ортасымен қазақы киім киген екі азамат ат үстінде өтіп барады. Олардың киімдері, отырысы, тіпті сөйлеген сөздері дәл музейдегі адамдарға ұқсап тұр еді. Бірақ бұл жолы — олар музейдің экспонаты емес, тірі адамдар болатын.
Мен өз көзіме өзім сенбей тұрдым.
"Мынау… мүмкін емес қой…"
Сәлден соң жанымда тұрған шоқтың қызуы бетіме келді. Мен тұрған жерде әлдекімдердің от жағып отырғанын сездім. Бұрылып қарасам, ауыл ақсақалдары жиналып алып, түнгі күзеттегідей әңгіме айтып отыр екен. Дауыстары салмақты, қоңыр.
— Баяғыда, осы жердің іргесінен бір қоныс көшкен деседі… — деп бастады жасы үлкені.
Мен оларды алыстан тыңдап тұрдым. Желдің жеңіл лебі төңіректі айналып, түнгі ауаны тірілтіп жібереді. Ауылдың иісі — түтін, сабан, жаңадан сауылған сүттің хош иісі — бәрі бұл тылсым көрініске жылулық қосып тұр.
Кенет, бір үйдің алдынан қазақы киім киген қыз бала жүгіріп шықты. Қолында балшықтан жасалған ойыншық құмыра.
Мен сасып қалдым — бұл ойыншық… дәл музейдегі жәдігердің біріне қатты ұқсайды.
Қыз бала ойнап жүріп маған көзі түсті. Қорқып қашар деп ойлағанмын, бірақ олай болмады. Қара шашын желбіреткен күйі маған жақындап келді де, таңғалған жүзбен:
— Сен жаңа адамсың ба? — деп сұрады.
Даусын естігенде жүрегім дір ете қалды. Оның сөзін түсіндім, бірақ тілі… тілі музейдегі жазбалардағы ескі түркі тіліне жақын еді, бірақ сондай таза, әуезді.
— Иә… дәл солай… — деп күмілжідім.
Қыз бала күлімсіреді.
— Онда әжемді көр! Ол көп нәрсе біледі!
Осылайша ол менің қолымнан ұстап, ауылдың ішіне қарай жүгіртіп әкетті.
Біздің жүгіргенімізді көріп, ауылдың ересектері таңырқай қарады. Бірақ ешкім тоқтатпады. Олар маған бөтен адам ретінде емес, баяғыдан келе жатқан таныстары секілді қарады. Бұл әлем мені қабылдап тұрған сияқты.
Бір кезде қыз бала мені ең үлкен, ең жарық отауға алып келді. Есігі айқара ашық, іші жарық, самауырдың буы бұрқырап тұр. Іштен жымиып отырған бір әже көрінді. Жасы жүзге келсе де, жанары жас адамның жанарындай өткір еді.
Қыз:
— Әже, бұл — жаңа адам. Музейден келген сияқты… — деді.
Әже мені көзімен шолып өтті . Оның көзқарасы жүрегімнен өтіп, ішкі дүниеме үңілгендей болды.
— Сен… тас оянғанда келген жансың ба? — деді сыбырлап.
Мен селк ете түстім.
— Иә… солай сияқты…
Әженің жүзіне жұмбақ күлкі үйірілді.
— Тас сені бекер жіберген жоқ. Сен біздің тарихты сезінуге тиіссің. Түнгі музейдің құпиясы — өткенді тірілту емес, оны түсіну…
Сол мезетте дүние төңкерілгендей болды.Шынында да бір түннің ішінде сан түрлі тағдырды басымнан кешірдім: көшпелі қазақтардың қоныс аударуы, батырлардың жорыққа шығуы, аштық пен соғыс зобалаңы, елдің жандана бастауы көз алдымда өтті.
Бір сәтте таңбалы тас мені өз уақытыма кейін қайтарды,терезеге қарап едім күн төбеге қарай көтеріліп келе жатыр екен.Тарихты өз көзіммен көргеніме сенбей, үйіме қарай беттедім.Жол бойы басымнан өткен жағдайлар есіме түсіп , қайта келуге құлшынысым артты.Бұл күннің жадымда мәңгі сақталатыны анық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇