Әңгімелер ✍️
ҚАРУ МЕН ҚАЛАМДЫ ҚАТАР ҰСТАҒАН
Біздің редакциямыздың дәлізінде «Отан үшін от кешкендер» деген тақта ілулі тұратын. Сол тақтада төрт майдангеріміздің суреттері қойылған. Топ басында Мұхамедқали Нұрғожин, содан соң Рәшид Бәдірленов, Қаби Махметов және Иван Лукин бар. Төртеуі де бүгінде арамызда жоқ.
Алдыңғы екі ағамыз – қаламдас, ақылшы-ұстазымыз. Әрқайсысының мінезі де әртүрлі: бірі биязы, бірі қатаң. Ал, ебін таба білсең, Мұқаң мен Рекең екеуі де әңгіменің кілтін ағыта жөнеледі.
Совет құрылысы бөлімін басқаратын Мұқаң нағыз әскери тәртіптің адамы болды. Асыра мақтауды ұнатпайтын, бір қарағанда түсі суықтау, ызғарлы көрінетін. Оның себебі де бар екен.
– Бұл соғыстан қалған әдет қой, – деп отыратын. – 1942 жылы майданға алынып, 1946 жылғы май айында ғана босатылдым. Темірдей тәртіп сол жылдарда қалыптасты, – дейтін ол әңгімесінде.
Брянск майданының 133 жеке дивизиясының 487-атқыштар полкінің құрамында соғысқан гвардия лейтенанты Мұхамедқали Нұрғожин рота командирінің орынбасары болған. Брянск түбінде 1943 жылы болған қанды қақтығыс кезінде Мұқаң аса ауыр жараланады. Жау автоматшысының дәл көздеп атқан оғы жауынгерлерді шабуылға көтерген Мұқаңды құрақтай қиып түскен. Жаңбырдай себелеген оққа қарамастан алға ұмтылған жауынгерлердің соңында естен танып қалған Мұқаңды санитарка қыз сүйреп алып шықпаса, сол жерде қаза табуы мүмкін екен.
– Құдай қақты деген сол ғой, есімді санитарлық бөлімде бір тәулік жатқанда зорға жиыппын, – деуші еді ағай осы жайлы әңгімесінде.
Госпитальда емделіп шыққасын 25-гвардиялық атқыштар полкінің құрамына қосылып, алға жылжыған әскерлер сапында қайтадан майдан жорықтарына қатысады. Бірақ сол 1943 жылдың тамызында жамбасынан оқ тиіп, тағы да госпиталь төсегіне таңылады. Ол кездегі дәрігерлердің біліктілігі шамалы болды ма екен, әлде майданға жедел жөнелтуге тура келді ме, әйтеуір, аса айығып кетпесе де, Мұқаң қолына тағы қару алады.
Жарадан толық айықпағаны күн санап сезіле бастайды. Жүріс-тұрысы қиындағаны сезілсе де, майданда бір адамның бағасы алтыннан ардақты емес пе?! Мұқаңды майдан басшылығы 1944 жылдың қаңтарынан жеке резерв полкіне насихатшы етіп белгілейді. Сөзге шешендігінен бе, болмаса жазу, қаламгерлік қабілеті танылды ма, әйтеуір, Мұқаң жас жауынгерлер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Қанды қырғыннан келген, оқ пен от ортасынан оралған сақа жауынгердің үлгісі жастардың жігерін шыңдайды.
Қартайып, шау тартқан күннің өзінде бойында батылдығы атойлап тұратын Мұқаңның жас кезінде қандай от жүректі жігіт болғанына көзіміз жететін. Ол осы қайсар да қайратты қасиетін танытып, жауынгерлер арасында зор абыройға бөленген.
– Бірде мені майданның «Отан намысы үшін» газетінің редакторы шақыртып, «Сізді газеттің тілшісі қызметіне аламын. Жауынгерлер арасында беделіңіз зор. Оның үстіне, мақала жазуға қабілетіңіз барын байқадым» дегесін осы газеттің тілшісі болып істедім. Сөйтіп, 1946 жылдың мамырына дейін тілші болдым, – деген еді ардагер.
– Мұқа, соғыс аяқталғалы бір жыл өтіп кетті ғой, – дейміз біз сенбегендей.
– Мыналар мені жалған сөйлеп отыр дей ме? – деп Мұқаң шегір көздерін өңменіңнен өткізе кіжінеді. Мінезі қызба қартты ренжітіп алмайықшы деп сыпайы сөйлеп, басу айтамыз. Мұқаң сонда ғана жібіп, жадырап барып жымияды да қайта жалғайды баянын.
– Сендер әскери тәртіпті біле бермейсіңдер ғой. Тәртіп солай. Үнқағаз майданда ауадай қажет. Сондықтан мені бір жылдан артық ұстады,– деп нүкте қояды қарт.
Мұқаңның екінші бір елеулі әңгімесі мынау: ол 1943 жылы екінші рет жараланып, госпитальдан шыққанда жарасынан толық айықпаса керек. Жамбасында оқ қалып қойыпты. Сол оқ майдангердің денесінде отыз екі жыл бойы жатып, 1975 жылы Ұлы Жеңістің отыз жылдығы қарсаңында ота жасаудан кейін алыныпты. Қазақ телеграф агенттігінің облысымыздағы тілшісі Николай Варов бұл оқиға жайлы жазып, ол ел басылымдарында жарияланғаны есіме түсіп отыр бүгін.
Майданнан оралған Мұқаң «Ленин туы» газетіне тілші болып орналасады.
– Мен сонау 1927-1928 жылдардан, он жасымнан былай газетті үзбей оқуды бастап едім, – деген ол баспасөз мерекесі күндерінің бірінде. – Жастай армандаған ісімді жиырма үш жылдан кейін, 1950 жылы – отыз үш жасымда қолға алдым.
Айтса айтқандай, Мұқаң 1963 жылы «Ленин туы» жабылғанша әдеби қызметкер болып бастап, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасарына дейін жоғарылайды. Өңірдегі жалғыз қазақ газеті жабылып қалғанда ұлт тілінде жазатын қаламгерлер күнкөріс қамымен өзге қызметтерге орналасқаны белгілі. Сол ырықпен Мұқаң да Сергеевкадағы 22-жылжымалы механикалық колонна бастығының орынбасары болып істейді. Алайда, 1966 жылы «Ленин туы» қайта ашылғанда редактор Құрмантай Меңдіғожин совет құрылысы бөлімін ашып, оның меңгерушілігіне Мұқаңды шақыртыпты.
Мұқаң осы бөлімді 1977 жылға – зейнет демалысына шыққанға дейін басқарып, жаны жайсаң, жүрегі нұрлы ақылшы аға болды. Тек, жеті-сегіз жылдан соң қос жанарына ақау түсіп, екі көзі бірдей табан жолын көруден қалды.
– Мені ұмытпаңдар, жігіттер, – деп телефон шалатын. – Көзім көрмесе де, газетті үйдегілерге оқытып отырамын.
Мен ағаймен жақын араласып, 1988 жылға дейін үйіміз көрші орналасқандықтан, газеттер апарып беретінмін. Арада үзіліс бола қалса, өзі телефон соғатын.
– Зорға теріп алдым нөміріңді, – деуші еді.
...Ағамыз 1994 жылғы тамыз айында өмірден озды.
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
Қарашаңырақ (естеліктер және мақалалар жинағы). Құрастырған Жарасбай Сүлейменов. «ЛИТЕР» ЖШС, 2015 жыл. 155 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇