Өлеңдер ✍️

  17.07.2025
  180


Автор: Самрат Құскенов

АБАЙ СӨЗІ

 


Қайда барсам, намысты қайрайтындар,
Шындық айтар тіліңді байлайтындар.
Шеттерінен әдемі сөйлеген боп,
Авторына сүйеніп сайрайтындар.


Қатты айтсаң, өзіңнен алыстаған
Адам қылып ғылымнан қалыстаған.
Айтатынын ретімен пайдаланбай,
Қайталанған ойлармен ғарыштаған.


Ескіліктен арылмай жаңамыз да,
Шалалыққа ұмтылды данамыз да.
Ұлан-асыр мерейтой өтпес еді,
Абай сөзі жаңғырса санамызда.


Ақиқатқа жалғаннан тиеді оқ,
Талант кетсе байлардың биесі боп.
Абай сөзін талқылап, талдасақ та,
Түзелуге қоғамның ниеті жоқ.


Заманым-ай, байлығы ойнақ салған,
Атақ-даңқы қулықпен ойнап қалған.
Аузын босқа көпіртіп сөйлегеннің
Ешбір ойы қалмайды оймақталған.


Құйылса да даналық құлағыңа,
Тұрақтамас руханият тұрағыңа.
Атаң батыр болған соң тарихыңда
Жауап таба алмайсың сұрағыңа.

Алмас қылыш болсам да жарқылдаған,
Жылтырақтан көңілім салқындаған.
Абай сөзін айтқаннан бостан-босқа
Артық маған қарғалар қарқылдаған.
©Самрат Құскенов 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу