15.06.2025
  200


Атадан қалған аманат

     Ерте заманда қазақтың кең байтақ даласында Елемес атты дана қария өмір сүріпті. Ол ақылы мен даналығының арқасында ауылдастарына бағыт-бағдар беріп, тәрбиелік өнеге көрсеткен. Елемес қарияның жанында әрдайым немересі Әлішер болатын. Әлішер – әлі бала болса да, атасының әрбір айтқан сөзін құлағына құйып, оны өз өміріне сабақ, үлгі етіп өсті.


     Бір күні Елемес қария немересін ертіп, ауыл сыртындағы кең алқапқа шықты. Олар ұзақ жүріп, биік төбеге жетті. Бұл төбеден ауыл түгелімен көрінетін. Қарт кісі сол жерге тоқтап:


– Балам, сен әлі жассың. Бірақ бүгін саған үлкен бір аманат айтамын. Сен өзіңді осы далада өмір сүріп жатқан жай ғана пендемін деп ойлама. Сен ата-бабаңның жалғасысың, тұяғысың. Сенің мойныңда үлкен жауапкершілік бар. Ал біз, қарттар, сендерге сол жауапкершілікті жеткізіп кетуге міндеттіміз, – деді.


Әлішер атасының сөзін мұқият ойланып тыңдады да:


– Ата, қандай жауапкершілік? – деп сұрады.


Есен ата қасында тұрған алып ағашты нұсқап:


– Мына алып ағашты көрдің бе? Бұл ағашты сенің арғы атаң отырғызған. Ол бұл ағаштың түбіне тұқымды жай отырғызған жоқ. Оның жүрегінде үлкен арман, ұрпағының жарқын болашағына деген үміт болды. Бұл ағаш – сол арманының белгісі. Дәл сол бабаң сияқты сен де бір күні өзіңнен кейінгі ұрпақтарың үшін өнеге болардай бір із қалдырасың. Бірақ бұл ағаш секілді жай нәрсе ғана емес, үлкен құндылық болуы тиіс.


    Атасы осы сөздерді айтып, төмендегі құдыққа қарай жүрді. Құдықтың суы өте таза, тұнық әрі мөлдір еді. Ауыл тұрғындары бұл құдықтан су алуға күнде келетін. Елемес қария құдықтың жанында тоқтап:


– Бұл құдықты менің атам өз қолымен қазды. Бұл жерде бұрын ауыз су болмаған. Бірақ атам ешқашан мойымады. «Еңбектің бәрі – болашақ үшін» деп, құдық қазуды жалғастыра берді. Ақыры міне, осы жерден таза ауыз су шықты. Енді ауыл тұрғындары осы құдықтың суын күнделікті ішіп отыр. Сенің де өміріңде осындай еңбегің болуға тиіс, балам, – деді.


      Жас әлішер атасының айтқандарын мұқият тыңдап, жүрегіне өшпестей етіп түйіп алды. Елемес қария сол күні немересіне қазақ халқымыздың салт-дәстүрлері туралы ұзақ әңгімелеп берді. Ол әр дәстүрдің астарында терең мағына жатқанын, олардың барлығы ұрпақтарды дұрыс тәрбиелеу үшін қалыптасқанын айтты. Мысалы, қонақжайлылық – адамдар арасындағы мейірімділік пен сыйластықты, үлкенге құрмет көрсету – тәртіп пен ізеттілікті үйретеді.


      Атасының әңгімелері Әлішер үшін өмірлік сабақ болды. Ол күнде атасының жанында жүріп, еңбек етуді, табиғатқа қамқор болуды және үлкендерді құрметтеуді үйренді. Уақыт өте келе Әлішер атасынан алған өнегесін өз өмірінде қолданып, ауылдастарының құрметіне ие болған азамат болып өсті.


      Есен ата өмірден озған соң, Әлішер құдық пен алып ағашқа ерекше қамқорлық жасап, оны сақтап қалды. Бірақ ол мұнымен тоқтап қалмады. Ол ауылдың жас балаларын жинап, оларға ата-бабасының мұрасы туралы айтып беретін. Ол әрбір балаға:


– Біз бұл жердің жай ғана тұрғындары емеспіз. Біз – осы жердің аманатын арқалаушыларымыз, өнеге беретін асыл жандарымыз. Ата-бабамыздың қалдырған мұрасын сақтап һәм оны келесі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз, – деп үйрететін.


      Жылдар өтіп, Әлішердің өзі де ақ сақалды қарияға айналды. Ол өзінің немерелеріне сол ағаш пен құдықтың тарихын айтып, құнды аманат ретінде жеткізді. Осылайша, ата-бабадан қалған мұра мен салт-дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ауылдың рухани байлығы сақталып отырды.


БҚО, Казталов ауданы, Көктерек ауылы.


Көктерек ЖОББМ-ның 11-сынып оқушысы Қуаныш Мәлика.


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу