08.06.2025
  208


Қазақтың салт-дәстүрі кино тілінде

Кино-халық айнасы


Қазақтың салт-дәстүрі кино тілінде


   Желкілдеген жасыл туындай желбіреген қазақ халқының әрбір дәстүрі — ғасырлар сүзгісінен өткен, ұлттың рухын сақтаған тірі қазына. Сол қазынаны бүгінгі күннің жастары қалай танып жатыр? Ол асыл қазына жүректен жүрекке қалай жетіп жатыр? Міне, осы сұрақтарға жауап беретін жаңа тіл бар — ол кино тілі.


  Қазақ даласы — қазына. Сол далада ғасырлар бойы киіз үйлер тігілді, бесіктер тербетілді, қонақ күтілді, бата берілді. Ал бүгінде сол дәстүрлер кино арқылы қайта тіріліп, экраннан көрерменге жол тартып жатыр.


  «Келін» (реж. Е. Нұрмұхамбетов) фильмін алайық. Бұл туындыда қазақтың отбасы құрылымы, келіннің отбасындағы орны, үлкенге құрмет, сөзге тоқтау сынды көріністер нәзік әрі шынайы көрсетіледі. Диалог аз, бірақ ым, ишара, үнсіздік арқылы берілген тәрбие – көрерменге жетіп жатыр. Ол — дәстүрдің тереңдігін кино тілімен жеткізудің бір үлгісі.


  Ал,қарапайым біз көріп жүрген Киіз үй — жай баспана емес.Экранда көрсетілетін киіз үй — жай көркемдік құрал емес. Ол — жүйелі тәртіп пен отбасы иерархиясының символы. Мәселен, «Ұлы дала зары» фильмінде киіз үйдің ішіндегі отырыс реті, отағасының орны, үлкенге орын беру, жасы кіші адамдардың иіліп сөйлеуі – бәрі де бір ұлттың ішкі тәртіп пен этикаға негізделген өмір сүру салтын айғақтайды.


  Киіз үйдегі түтін — отбасылық тұтастықтың белгісі. Ал қазақ «түтінің түзу шықсын» деп бата беретін халық. Бұл сөздің өзі салт пен сенімнің қаншалықты терең астарлы екенін аңғартады.


  Сонымен қатар, қазақ киносы – салтты сақтаушы ғана емес, таратушы да.Қазақ киносында тек тарихи драмалар ғана емес, қазіргі заманғы көркем туындылар да салт-дәстүрдің кейбір элементтерін шебер қолданады. «Тюльпан», «Шал», «Анаға апарар жол», «Жат»фильмдерінде қонақ күту, түйе баптау, жерлеу рәсімі, шілдехана, бесікке салу, жоқтау айтусияқты халықтық дәстүрлер түрлі формада көрініс табады.


  Мысалы, «Анаға апарар жол» фильміндегі ана мен баланың арасындағы үнсіз байланыс, ананың сабыры мен үміті — бұл да салттың бір көрінісі. Қазақ – ұрпағын тілмен ғана емес, тағдырмен тәрбиелеген халық. Кино бұл сезімді жеткізудің ең нәзік әрі әсерлі құралына айналды.


   Одан бөлек, кино – ұмыт болғанды еске салушы.Бүгінгі таңда көп жастар түйе сойып, ұлық ас берудің, немесе елге келген адамға арнайы бата берудің маңызын білмейді. Осы олқылықты толтыратын нәрсе – ұлттық кино. Өйткені ол – кітап секілді ұзақ уақыт талап етпейді, бірақ көрген сайын санада қалатын образ қалыптастырады.


   Кино – дәстүрдің көлеңкеде қалмауына себепкер болатын күш. Ол — өткенді жаңғыртушы, қазіргіге жеткізуші, болашаққа аманат етуші.


   Қазақтың салт-дәстүрі – біздің жанымыздың жарығы. Ал оны кино тілінде сөйлету – ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Тек киносын көріп отырып, бабалардың үнін естісең, ол – нағыз рухани тәрбие. Бүгінгі қазақ киносында сол үн, сол тыныс бар. Тек біз тыңдай білуіміз керек. Себебі дәстүр – мұра ғана емес, ол – өмірдің өзі.





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу