Эсселер ✍️
Баяндама: «Бала тәрбиесі – басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы мен мұң»
Баяндама тақырыбы: «Бала тәрбиесі – басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы мен мұң»
Мақсаты: « Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы және ата-ана баланың бас ұстазы екенін ата аналарға түсіндіру,сүйіспеншілік, мейірімділік, қайырымдылық – ең әуелі әркімнің отбасынан басталатынын кеңейте айта отырып, ана мен әкенің бала өміріндегі ролін жан - жақты көзқарасын дамыту, сауаттылыққа, рухани байлыққа үндеу»
Міндеттері:
· ата-ана мен бала арасындағы байланысты күшейту
· мейірімділіктің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру;
· өзара сыйластық қарым қатынастарын дамыту;
· мейірбандылыққа тәрбиелеу;
Бала тәрбиесі – басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы мен мұң, – дейді хакім Абай. Адам бойында рухани құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын баршаға аян. Бала тәрбиесі бәрімізді алаңдатады. Адам баласының қасиетті міндеттерінің бірі-дүниеге ұрпақ әкеліп, артына із қалдыру. Баласының жақсы болғанын армандамайтын ата-ана жоқ. Тіпті баласының болашағы үшін отқа да,суға да түсетін ата-аналар да баршылық. Кейде баласының келешегіне алаңдаған ата-ана өз мекенін ауыстыруға дейін барып жатады. «Ұлың жақсы болсын десең, ұлы жақсымен көрші бол, қызың жақсы болсын десең қызы жақсы мен көрші бол» деген өнегелі сөз де содан шықса керек.
Бала тәрбиесі- қиын да күрделі процесс. Біз баламыздың тәрбиелі де өнегелі болып өсіп, өз қатарының алды болғанын қалаймыз. Бірақ баламызды осы мақсаттарға сай тәрбиелеу үшін үлкен еңбек, күш жігердің қажет екенін бәріміз білсекте, мойнымыз жар беріп, бала тәрбиесімен айналыса бермейміз. Кейін баламыз есейген сәтте, «сен маған тартпағансың, мынаны олай істемедің, ештеңеге қырсызсың» деп кінәлап жатамыз. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір ата-ана «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды.
Баланың әр қылығы қызық. Бірақ сол қызықтауды да талғап, талдап қарамаса тағы болмайды. Кішкентай кезінде баламыздың әрбір сөзін, одан қалса біреуді сыбағандығын, жаман сөздер айтқандығын әуес көреміз, оны тіпті ересектерге айтып, қыздыра түсетініміз тағы бар. Баламызды үлкендерді сыйла, құрметте деп тәрбиелеудің орнына өзіміз теріс жолға салып отырғанымызды бағамдай бермейміз-ау! Кейін өскенде сол баланың өз ата-анасына тілі тимесіне кім кепіл?! Бала кез келген істе өзін ынталандырып, өзгелердің қолдайтынын сезсе, сол іске бейімделіп, әдеттеніп кетеді.
Бала тәрбиесіндегі тағы бір кемшілік-бала жетістігін көре білу, жігерлендіру, ынталандырумен байланысты. Баламызды мадақтауымыздан гөрі, жекіруіміз асып түсіп жататынын мойындауымыз керек.
Бала тәрбиесі кезек күттірмейтін, күн тәртібінен ешқашан да түспейтін өзекті мәселе болып қала бермек. Сондықтан да, мынау өзгермелі қоғамда баламызды өзімізге жат етпей, жақсы тәрбиелеудің бірнеше жолдарын ұсынамыз.
Бала тәрбиесімен айналысуда ата-ана басшылыққа алуы қажет деп санаған ұстанымдарды назарларыңызға беріп отырмын:
1.Баланың ең алдымен денсаулығын қадағалауға көңіл бөлу. Денсаулық- тәннің ғана емес, жанның да кепілі. Дені сау бала ғана оқу мен тәрбиеге ықыласты болмақ. Балаңызды кішкентай кезінен денсаулығын күте білуге,денесін шынықтыруға дағдыландыру.
2. Баламен жақын сырлас, дос болуға тырысу. Бала үшін ең жақын адам ата-ана болғанымен де, бала ата-анасынан жасқаншақтап, ұялшақтайтын кездері жиі болады. Сондай сәттерде дұрыс қадам жасап, балаңызды бауырыңызды тарта білу өте маңызды. Балаңыз өзінше жасырып жүрген сырын айтып, сізбен бөлісуі мүмкін. Ондай кездерде балаға жекімей не болмаса мазақ етіп күлмей, мұқият тыңдап, өз көзқарасыңызды білдіріп, кеңес айта білу ата-ананы баланың сеніміне кіргізеді. Сіздің балаңызға тұлға ретінде қарап, онымен ақылдаса отырып, бірлесе жұмыс істеуіңіз балаңызды жігерлендіреді, оның әр қадамын сенімді ете түседі.
3. Бала қандай да болсын қате іс жасаса, жекіп, дүрсе қоя беруден гөрі түсіністікпен қарау әлде қайда пайдалы. Ондай кездерде бала өзі де қуыстанып, ата-анасынан қорқып тұрады. Керісінше,балаңызға ақыл айтып, жол көрсетсеңіз, мұның пайдасы көбірек болмақ. Сондай ақ кейде біз баламыздың беделін өзге құрбы- құрдастарының алдында түсіріп , ренжітіп жатамыз.Бұл баланың ар-намысына тиіп қана қоймайды, оны өзге достарының алдында қор етіп көретеді, беті қайтқан бала көпке шейін төменшектеп жүретін болады. Ең бастысы – қателікті бетке басып, мойындату да емес, жақсысын алдымен айтып, баланы жігерлендіре отырып, кемшіліктерін жұқалап жеткізу, сонымен кемшілікті жою жолдарын көрсету.
4. Бала болған соң, өз қатарластарымен бірде дос болып, бірде ренжісіп жатады.Тіпті кейде таяқ жеп келуіде мүмкін. Ондай сәттерде балалардың арасына түспеген абзал. Бала қылығын жақтап,арасына түссеңіз, бала соған әдеттенеді, қит еткеннің бәрін өзіңізге жеткізіп отыратын болады. Мұндай жағдайда балаңызды сырттай бақылаған дұрыс. Балаңыз үнемі орынсыз таяқ жеп жататындай болса, әрине араласуға тура келеді.
5. Балаңыздың немен айналысатынын, қандай іске икемді екенін бақылау. Шамаңыз келсе,бала бейімі бар істерді беруге тырысу. Мұндай істер баланы дамытып қана қоймай,басқа зиянды әдеттерден сақтайды. Бос, жұмысы жоқ бала зиянды істерге бір табан жақын болады.
6. Баланы еркін тәрбиелеу. Бірақ еркіндіктің жөні осы екен деп мүлдем қараусыз жіберуге болмайды. Әр нәрсенің өзінің шегі болады. Сол шекті бала біліп өсуі керек. Балаға қарым-қатынасыңыз,көзқарасыңыз жылы болғаны абзал. Балаға қатты сөйлеу оны сізден алыстатады. Сосын үнемі қатты,бұйрық мәнде сөйлеу баланың бойын әдеттендіріп, үйретеді. Кейін балаға қатты сөйлемесіңіз кейін сөз ұқпайтын болады.
7. Кейбір балалар табиғатынан тынымсыз болады. Бір затты көрсе, соны міндетті түрде бұрап, сындырып,ішін ашып көріп жатады. Өздері бір орында отыра алмайды, сұрақ қойғыш болып келеді. Табиғатынан тынымсыз балаларға біз үнемі ұрысып , тәртіпке келтіруге шеберміз. Бірақ сол балалар айтқанға көнбейді, бір қалыпқа түспейді. Бір қарасаң, сол балалар ақылды сияқты көрінеді. Балаңыздың бойынан осындай сипаттарды көрсеңіз қорқыныш ұяламасын. Мұндай балалар табиғатынана дарынды болып келеді.Тек баланың бейімін тап басып, бағыттай білсеңіз болғаны.
8. Бала тәрбиесіндегі ең негізгі тетік-баланы өз күшіне сендіріп үйрету.Балаңыздың болашағына қандай сенсеңіз,оның әр ісіне де сондай сенім көрсету-баланы сенімді ете түседі.Балаға ең алдымен өзіңіз сенбесеңіз оған ешкім де сенбейтін болады. Баланы өз күшіне сендіру оның әр қадамын нығайтып,батылырақ болуға тәрбиелейді. «Ең бастысы – баланың жан дүниесі» .
Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы- ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп көргендікпен ой түйген. Бала өміріне қажетті тәлім-тәрбиенің іргетесы ата-ана арқылы отбасында қаланады.
Осы тамаша қасиеттердің бәрін ата - ана бойынан тауып, соған еліктеп өссе және әрбір ата - ана баласының жүрегіне жол тауып, оның өміріндегі шынайы досына айналса, тер төккен еңбегінің жанғаны. Ал мектеп баланы болашаққа дайындап, келешек өмірін қай бағытпен жүрсе дұрыс екенін, өзідерінің керекті, бейім мамандық таңдауға жол, бағыт беретін ұя.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇