Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  669


Автор: Самрат Құскенов

Сезімге ерік берген соң

 



Талантқа қанат болар сезім емес, сенім болуы керек.



Ғабит Мүсірепов



Жүректің иесін тапқаннан бері басқамын,
Өлеңнің тілін ұқпайтын мен бір қасқамын.
Туыс та, дос та жат болып бара жатқандай,
Күйттеген құсап өзінің жеке бас қамын.



Сезімге ерік берген соң, сырым ашылды,
Маңыма бірден көңілдің нұры шашылды.
Жаныма майдай жағатын қызға жолығып,
Өзімше болып бастадым жаңа ғасырды.



Өзімді өзім жоғалтып алдым байқамай,
Бұнымды көрген жұрт кетпес басты шайқамай.
Тас жүрек болып жүрген ем, бұған дейін мен,
Аңдымай жібіп кеттім бе? Шіркін! Ай, қалай?...



Махаббат - қызық, ауру қып қойған сауды да,
Сүйгенің үшін көрсетер дөң қып тауды да.
Сезімің емес, сенімің қажет талантқа,
Жауапкершілік шешетін бүкіл дауды да.



Ал, енді бүгін қате боп жатыр дұрысым,
Ғашықтық десең, мынадай бағың құрысын.
Өйткені, сені ойлаған күннен құлдырап,
Жайына қалды,
Шығармашылық жұмысым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу