Өлеңдер ✍️
Жаныма тыныштық жоқ
Құран оқып, үнсіз қап тырыстық та,
Жаным рахат табар деп шынықтық та.
Алай-дүлей ішімді ұқпай жүрмін,
Жүрек қашан тербелмек тыныштықта?
Шалдықпады өзі бір ғашықтыққа,
Ғашық болмай сезіммен қауыштық па?
Жүрегіме не керек? Түсінбедім.
Талай қызбен сол үшін таныстық та.
Бірақ, жүрек: "Қазағым!", "Елім!" дейді,
Ұлтшылдықтан қаймығып шегінбейді.
Ұлттың жырын іздесе руханияттан,
Мұрағатты ақтарып, ерінбейді.
Нәпсім болса, іздейді тән рахатын,
Көңіл болса, қозғайды жан азабын.
Екеуі де бағынып бір жүрекке,
"Отаным!" деп жалындап ән жазатын.
Ал, жұрт болса сүйіп жүр, кешірімді,
Сүйген жандар қашанда мейірімді.
Алайда, олар өзімшіл боп жаралған
Ұқпас Отансүйгіштік сезімімді.
Патриотизм бойында қалыптасқан,
Тек Отаны құтты жер, ашық аспан.
Азаматпын ел үшін жаратылған,
Қазақстанын сүйетін жалықпастан.
Жұмыссыздық жайлаған заманым-ай,
Жайылымға таласқан Алашым-ай.
Содан бері жаныма тыныштық жоқ,
Халқыма оң көзіңмен қара, Құдай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇