Өлеңдер ✍️
Көз бар. Сөз бар
Көзге көп түсе берме деген елім,
Сөзіңді ешқашан да елемедім.
Жарқырап ел алдында жыр оқуға,
Өзімді өзім талай жетеледім.
Сөзге көп қала берме деген елім,
Әр әрпін ақылыңның шегеледің.
Өзімнің айтқаныммен жүремін деп,
Өмірден таяқты да жеген едім.
Бас иіп, елдің "тағы, тағысына"
Бағынам тіршіліктің ағысына.
Қазағым, аяқтан нық тұруыма,
Себепкер болса, мені тағы сына.
Жолыма қарасаңдар, тайың едім,
Бойымнан аңғарсаңдар, сайын едім.
Өзімнің несібемді бермегеннің
Қолынан жұлып жеуге дайын едім.
Алашым, басыңдағы бағың едім,
Бағамды білмесеңдер сағым едім.
Тиетін көз бар, сөз бар айналаңда,
Киелі өлең аққан ағын едім.
Бағымды енді неге байлайсыңдар?
Бәйгеге мәстектерді сайлайсыңдар.
Тұлпарды тұяғынан сүріндіріп,
Намысын өздеріңше қайрайсыңдар.
Әйтеуір шарықтайды жарлықтарың,
Иттікті көріп өлген барлық дарын.
Құртпайды сөз де, көз де шын талантты
Құртады сендердің іштарлықтарың...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇