Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  206


Автор: Самрат Құскенов

Маусымда туған ақындар

 



Аралап ойдың шаһарын,
Кіргізген өңнің ажарын.
Жайдарлы болып жүрсе де,
Танытар мінез қаһарын.



Толғанса Отан жайында,
Сынаған кедей, байын да.
Ұлтының қамын жейтіндер
Туады маусым айында.



Сақталған елдің құндызы,
Қоғамның жарық жұлдызы.
Ұлтжанды болған қазақтың
Маусымда туған ұл-қызы.



Айтпауға қандай қақым бар?
Түсінер дұрыс жақындар.
Ұлтшыл боп зардап шегеді,
Маусымда туған ақындар.



Дәлелі - ұлы Мағжаным,
Биікке қойған ақ арын.
Елім деп ұлттың жолында,
Құрбанға шалған пәк жанын.



Сөзіме айғақ табылар,
Оқымағандар сабылар.
Мағжанның ғұмырнамасын
Білгеннің аузы жабылар.



Ерлігі елдің есінде,
Ұлық боп тарих көшінде.
Ұлт үшін туған От-Мағжан
Маусымның жиырма бесінде.



Беделі ердің өседі,
Бағасын берер ес еді.
Маусымда туған ақындар
Мағжанның күйін кешеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу