Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  146


Автор: Самрат Құскенов

Науқастың назы

 



(ШЫМШЫМА)



Қатты шығып жүрген даусым қырылдап,
(Ауру келді жан-тәніме қырыңдап)
Ангинамен ауырғаным аздай-ақ,
Аргентина деп қоғам жүр шырылдап.



Бас тартсаң да, бүгінгінің асынан,
Асқазаным жігерлі бол, жасыма.
Тебілген доп аяғымен Мессидің
Артық болды бір қазақтың басынан.



Ал, дәрігер бұрылайын өзіңе,
Жаным тонды сенің ұятсыз сөзіңе.
Жүрегіңе келмеген бе жылылық,
Сұлулық кеп қонғанымен көзіңе.



Адамзатқа теріс қонар кей ілім,
Жалақымен тарылтқан соң пейілін.
Салқын қанды болғаныңнан ауырам,
Болмаған соң жүзіңдегі мейірім.



Ем іздеуге келген едім қамданып,
Емшім менің кетпей отыр жанданып.
Әкеңді мен өлтіргендей жалғанда,
Әкіреңдеп сөйлейсің-ау шамданып.



Науқасыңды емдемесең, емдеме,
Данагөйсіп дертті өзің жең деме.
Ырбыңдасаң, тек байыңа ырбыңда,
Еркелесең, тек байыңа еркеле.



Мен өзіңнен көрмеген соң кішілік,
Көзге түспес ғылымдағы ірілік.
Медицина саласында иттік бар,
Анализден өтпеген соң КІСІЛІК.



Халатың - ақ болса, қара ниетің,
Елдің жанды жеріне кеп тиетін.
Осыдан біл, дүние жалған екенін,
Қаралылар аппақ киім киетін.



Адам бар ма жүрек сырын ұғатын,
Қиындықты бірге жүріп жығатын.
Дерт батпандап кіріп, шықса мысқылдап,
Қанға сіңген жаннан қалай шығатын.



Болашаққа жеткендіктен ғасыр-ән,
Денсаулықпен байланысты базынам.
Диагнозың - пенделіктен арылшы,
Мен итшілеп жүріп, ертең жазылам.



Әуре қылмас ешкім де тыс еркіңнен,
Не қылсаң да тайма берген сертіңнен.
Сенің сұсты пенделігің қауіпті,
Менің тұмау тиіп қалған дертімнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу