Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  142


Автор: Самрат Құскенов

Кәрімова Гүлмира Райынбекқызына

 



Сұлулығы жарасқан кісілікпен,
Ұлылығы байқалған кішілікпен.
Әрбір жастың әпкесі бола білген
Гүлмираны жоқтаймын інілікпен.



Өз қазағын ұқсатып тау ұлына,
Сәлем беріп басатын бауырына.
Қарапайым жан еді, кең пейілді,
Шақыратын бірліктің ауылына.



Жас-кәріге құрметін көрсететін,
Тұрған жерін қашан да төр ететін.
Лауазымнан биік боп тәрбиесі,
Көңіліңді күлімдеп көл ететін.



Үлкен сый деп қабылдап сәлеміңді,
Нұрлы жүзбен төгетін әселіңді.
Гүлмираның қазасы ауыр тиді,
Қаһарлы қып гүлденген әлеміңді.



Іскерлігін айтады, ұлықтайды,
Бүгін қалай өткеннен сыр ұқпайды?
Берген антын парламент мінберінде
Ел қастерлеп, тарих деп ұмытпайды.



Гүлмира ел жадында сақталасың,
Талқылаған өмірдің ақ-қарасын.
Сен билікке барсын деп тілеген ем,
Түсінетін халықтың бақ-наласын.



Ішім жылап, қоғамға сыймай тұрмын,
Қайғы төккен көз жасын тыймай тұрмын.
Азаматшам шенділер ішіндегі
Мен сені жер қойнына қимай тұрмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу