Өлеңдер ✍️
Қары меруерт ауылдың
Бұл күндері мекен-жайым қалалық,
Шыққан тегім болғанымен далалық.
Өз аузыма жеткенімен өз қолым,
Аңсатады елде қалған балалық.
Ауыл бар ма, ауылымнан асатын?
Дәлелдейтін ана деген рас атын.
Бір үйі де қалмаса да жапылдап,
Құлыным деп бауырына басатын.
Елге барып қайтқаннан соң ауырдым,
Атажұрттан ірге бөлу ауыр тым.
Адам ізін салмаған соң ешқандай,
Рахаттанған қары меруерт ауылдың.
Бала жүрек іздейді қол шанасын,
Тонып, жаурап таба алмаған панасын.
Өткен күнін сылтауратып ауылға
Келген еді аңсап марқұм анасын.
Дұға оқып қабірінің басында,
Сағынышым төктірді көз жасын да.
Кеттім мылқау құлпытаспен тілдесіп,
Жарқын бейне тұрғандай боп қасымда.
Неге достық, туыстық жоқ дарында?
Руханиятқа қиып берген арын да.
Мейірімді жүзі бардай анамның,
Ауылымның жатқан меруерт қарында.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇