Өлеңдер ✍️
Ауыл немесе зират
Тоқсан үйдің бір үйі де қалмады,
Ауылдың сөніп шамдары.
Соңдарынан еріп, бірақ, бармады,
Жақындарының тамдары.
Еңкейген қарт, еңбектенген бала да,
Жүр: "Ауыл қымбат екен!" деп.
Жерлестер де тұрған үлкен қалада
Осында жатыр мекендеп.
Көз тастасақ, әр қабірдің басына,
Ұқсаған зәулім сарайға.
Ақ түсіріп жастың қара шашына
Арман боп келген талайға.
Зиярат қылып қайт, атаң мен бабаңа,
Жоқтаусыз қалғың келмесе.
Әке болып түсе алмайсың сабаңа,
Иманды ұрпақ ермесе.
Тіршілікте қалмайды еш мағына,
Разы болмаса өлгені.
Өмір - ердің жаралмаған бағына
Қиянат болған көргені.
Марқұмдарды еске алып кел, келме,
Бәрібір қайтқан адамға.
Жалғыз Құдай көктен қарап бермей ме?
Басылған әрбір қадамға.
Кесене сап, дүркіреп ас берсең де,
Керек жоқ бұның бірі де.
Өзің үшін жасайсың, не терсең де,
Себебі, құт жоқ тіріде.
Ит тірлікте сылтауратқан шарамыз -
Сенбілік жасау зиратқа.
Жиналамыз, аңсатып кең даламыз,
Тағдыр-ай, бізді ширатқан!
Туған жерге келіп, жүрек ауырды,
Өзіміз құртып жақұтты.
Мәңгі мекен қылып алған ауылды
Өлгендер неткен бақытты!
Бізді мүлде шығармайды төріне,
Итжандылардың уақыты.
Зират - елдің айналған-ау мөріне,
Бақытсыздардың бақыты!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇