Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  138


Автор: Самрат Құскенов

Құралайдың салқыны

Сыр шерткенде табиғаттың әр қыры,
Байқалмай ма тірліктің де қарқыны?
Жақтырмаған қыз мінезін танытып
тұратындай құралайдың салқыны.



Қара суық – сұлу қыздың ашуы,
Сұлулықтың бағынбаған асуы.
Көңілінің суығанын көрсетіп,
Серісінен безіп қадам басуы.



Өмір берсе махаббаттың сабағын,
Тыңдайсың-ау сезімнің күй табағын.
Құбылмалы ауа райы секілді
қыздың бағу тым қиын, қас-қабағын.



Маңдайыңнан сипағанмен самалы,
Бақтың оңай алынбайды қамалы.
Жігіт үшін құралайдың салқыны –
өткен текебұрқылдақтың амалы.



Адалдықпен өлшенген соң ар құны,
Адамзаттың ісе қоймас алқымы.
Қыздың қырың қарағанын көрсеткен,
Жанға жайсыз – құралайдың салқыны.



Адам үшін болғандықтан сезім – ем,
Сүйген сәтті ғажайып деп сезінем.
Әлем нәзік, мейірімді көрінер,
Қарағанда шын ғашықтың көзімен.



Бекітілген әр жүректің иесі,
Иесіне тағдыр да бас иеді.
Жеміс жеген көңіл деген пейіштен,
Сүйгендердің әрқайсысы киелі.



Кие қонған кезде ғана биікпін,
Бұған дейін басты босқа иіппін.
Құралайдың салқыны боп құнданған
Сүйген ару лағындай-ақ киіктің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу