Өлеңдер ✍️
Баласын аңсаған әкенің монологы
Жазылатын тербеліп көңіл әні,
Балаң екен қашанда өмір мәні.
Ол болмаса үйіңнің құты қашып,
Мүлдем-мүлдем болмайды өңір сәні.
Бала, бала – әкенің бауыр еті,
Бауыр болмай күн кешу ауыр еді.
Сені көзден таса қып тастағанша,
О дүниеге аттанған тәуір еді.
Әке, әке – балаға тірек еді,
Сөзі – дана, ал, өзі – білек еді.
Тәрбиесін жүз мектеп бере алмаған,
Ұрсуы да – айтқан бір тілек еді.
Сынақтар-ай, соңымнан қала алмаған,
Ең жақынға қоңырау шала алмаған.
Боздап әке жүрегі қан жылайды,
Баласынан бір хабар ала алмаған.
Телефонның адамға керегі не?
Жарамаса жанымның керегіне.
Ажырап қап байланыс аясынан,
Ой қоспасам баламның дерегіне.
Шежіренің айтайын қай дерегін?
Бола алмадым саялы бәйтерегің.
Сәби кезде түсірген суреттерің
Архивімде тұрмаса қайтер едім?
Әр дәуренің алайда, бағым еді,
Өткен күндер оралмас сағым еді.
Сәл болса да, өзіңді құшақтаған
Өмірдегі бақытты шағым еді.
Жіберген бір кешегі қателігім,
Көрсетпеді әкеңнің әкелігін.
Көрсем саған ұқсайтын жас баланы,
Жүгіртемін сезімнің ақ елігін.
Өткенімді бұл уақыт қайтара ма?
Балам, менің ісімді қайталама.
Туғаныңды көргенмен, өскеніңді
Көрген жоқпын, жүрегім жай таба ма?
Кемел болды өзіңнің келешегің,
Алмасаң да, әкеңнің берешегін.
Тауың болып қамқорлық қылмағаным
Еске түссе, езілер емешегім.
Түнек сенсіз әлемнің ғажабы да,
Ашылмайды аспанның қабағы да.
Іштен шыққан балаңды сырттай танып,
Халын білу – азаптың азабы да.
Кімге қажет жаманды тиғаным да,
Жылдар бойы еңбектеп жиғаным да?
Ел аузында жүргеннен асқан бақыт
Сенің нұрлы көзіңе сыйғанымда.
Балам, сені аңсаймын, сағынамын,
Амал қанша, тағдырға бағынамын.
Екі көзден меруерт жас төгіледі,
Сен жоқ жерде, ырыстан қағынамын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇