Өлеңдер ✍️
ЖЫЛАМАСЫН ҚАЗАҒЫМ!
Не өтпеген қазағымның басынан?
Өткен тағдыр тәлкегінен жасынан.
От пен судың арасында күн кешіп,
Сенген досы асып түскен қасынан.
Саясат-сайқал, ұстап темір құлыпта,
Ұмытылған тек те, әдет-ғұрып та.
Арысының бағасын бір оқ қылған,
Сталинның зұлымдығын ұмытпа.
Ері түгіл, ән-күйі де сотталған,
Қазағым-ай, құндылығы жоқталған.
Тар заманды тек тарихтан оқитын
Бейбіт күннің баласында жоқ арман!
Бұл өмірдің ажыратсаң, қара-ағын,
Өткен күннің ақтарасың парағын.
Тәуелсіздік алу қиын болғанмен,
Сақтап қалу одан қиын, қарағым.
Сондықтанда түйгізбей ұлт қабағын,
Аңдымайық арамтамақ табағын.
Тәуелсіздік мәңгі болу үшін де,
Саралайық тарихтың әр сабағын.
Арғы атасы тартқан өмір азабын,
Ұрпақтары көрмесін жау мазағын.
Іңгәлаған сәби бұзып ұйқысын,
Ешқашан да жыламасын қазағым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇