Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  152


Автор: Самрат Құскенов

МАЛСЫЗ БЕН АРСЫЗ

 



Мал табу – бүкіл елдің қалайтыны,
Лайланып жатса-дағы ар айдыны.
Жаныңды ауыртады замандастың
қалтаңа ең алдымен қарайтыны.



Көрінсе түбі, бітті, қаралайды,
Иттікпен жүрегіңді жаралайды.
Қап-қалың болса, бопты, сен жақсысың,
Айналаң әр ізіңді саралайды.



Малыңмен құт дарытсаң, маңайыңа,
Ит-мысық үйір болар сарайыңа.
Жағалап, шуағыңа бөленгендер
Жолатпас қырауды да самайыңа.



Малыңнан айрылғанда достасқаның
қалайды қысылмастан қоштасқанын.
Ойыңа алсаң арсыз екеніңді,
Белгілі болар, шіркін, от басқаның



Дәрежең малсыздан да төмендейді,
Халыңа қайбір досың елеңдейді?
Сол сәтте ар-ұяты оянғандар,
«Барында қамқор болған төрем», - дейді.



Ешкім де елемесе бейшарасың,
Өмірдің игермеген кей саласын.
Түсінбей арсыздықтың сор екенін,
Малсыздың сынға алма ишарасын.



Малсыздар әр кез сері, сал болады,
Байлығы – кірленбеген ар болады.
Арсыздар мал баққанды құлдай көріп,
Соңында өздері де мал болады.



Ессіздер қанатымды қайырмасын,
Тексізді кең дүниеде жайылмасын.
Тағдырдан таяқ жейді білмейтіндер
Дүние мен руханияттың айырмасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу