Өлеңдер ✍️
ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ДАҢҒЫЛДАРЫ
Қазақтықтың сақталған деп қаймағы,
Аңыз болған Қызылжардың аймағы.
Арылмадық бірақ, құлдық санадан,
Интернационал, Совет – соның айғағы.
Одан қалды, Халтурин тұр жарқырап,
Террористің өмір жолын талқылап.
Даңғыл жолда тылсым сырлар тұнған соң,
Білім-дария аға қоймас сарқырап.
Партизан боп елге қызмет етеміз,
Анда-санда Комсомол боп кетеміз.
Уақыт зулап Февральды тәмамдап,
Восемная мартыңа да жетеміз.
Пионер боп Парк аралап жүреміз,
Труд етеміз, Победа деп күлеміз.
Северная, Восточная деп бөлген
Совхозда біз әлі өмір сүреміз.
Союзная деп қатады басымыз,
Зиминада ішіледі асымыз.
Набережная – тұрағымыз болса да,
Молодежная болар мәңгі жасымыз.
Линияны үш рет қойып келеміз,
Кірпішті де үш рет қалап береміз.
Арттылғанын салып тастап Вагонға
Қалдықтарын Леснаядан тереміз.
Ел тарихын білмей қалай бөсесің?
Мәңгүрттеніп ақырында өшесің.
Ішім жылап, тістеп өтем тілімді,
Шарлағанда Крепостная көшесін.
Мойнымызға жүк қып осы азапты,
Азаттықпен арқаладық мазақты.
Суворовты әлдеқандай қыламыз,
Өлтірсе де кездескен әр қазақты.
Өзімізді өзіміз ғой ластаған,
Тіршіліктің өзі бұны растаған.
Ульянов боп күліп тұр ғой мұртынан
Ленин атаң, алып сырып тастаған.
Қызылжардың даңғылдарын аралап,
Дүйсехан жүр өз жүрегін жаралап.
Атауларын өзгертетін күн тусын,
Әріптері тұрған жанды қаралап.
Маңайында қаптаса да зиялы,
Сирек болар Отан деп жан қияры.
Бүкіл көше аталсын тек қазақша,
Ақиқат боп Дүйсеханның қиялы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇