Өлеңдер ✍️
РЕКТОРДЫҢ ШАТТЫҒЫ – ЕЛ МҰҢЫ
(ШЫМШЫМА)
Жерінде жүрген шөп шықпайтын,
Қулықтың байрағын жықпайтын.
Бір жапқан есігін қайта ашып,
Ректор-ай, арынан ықпайтын.
Кететін маңайын шулатып,
Сасытқан ортасын тулатып.
Жер-көкке сыйғызбай иттігі,
Артына бұрғызды-ау зулатып.
Ісінен байқалмас ірілік,
Сөзінен көрінбес кісілік.
Сүрткізбек боп аяқ киімін,
Күзеттен күтетін «кішілік».
Бірнеше факультет шырылдап,
Тұратын түс көріп, ырымдап.
Ректордың шаттығы – ел мұңы,
Билігін жүргізген жырымдап.
Нәтиже шықпас әр қадамнан,
Құдайды жасасақ адамнан.
Пайдасын тигізер жануар
Мың есе артық қой наданнан.
Наданға қимайсың ғалымды,
Өшіріп тұрса да жалынды.
Студенттік өмірің қор болса,
Заманың тыңдамас зарыңды.
Бұл күнде ректорлар көп дейді,
Бірі де малшыға жетпейді.
Декандар құлдыққа байланса,
Жас ғұмыр қалайша көктейді?..
Ректор-ау, жөндесең өзіңді,
Шындыққа жеткізіп көзіңді.
Білікті маманды сыйласаң,
Өзгертем айтатын сөзімді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇