Өлеңдер ✍️
ДОСЫМ, СЕНІ БҮЛДІРІП ЖҮР ТОҚШЫЛЫҚ
Бұрын жаның – жомарт, мәрт боп көңілің,
Пейіліңнен мерейленген өңірің.
Соңғы кезде дүние жайлы көп айттың,
Түбегейлі өзгерген бе өмірің?!
Бар болған соң көрінесің хандай боп,
Көкжиектен арайланған таңдай боп.
Бірақ, мені ойландырып жүр, досым,
Сені осы қолдап жүрген қандай топ?!
Байлық, атақ болғандықтан қолыңда,
Ит те, бит те зыр жүгірген жолыңда.
Бұл жалғанның ақ-қарасы сияқты,
Сор, бақ қатар жүреді оң-солыңда.
Еш құны жоқ көбік сөзге малданба,
Қор қылатын атақ-даңққа жалданба.
Өлмейтін із қалдырмайтын артыңда,
Ішек арқылы өтер боққа алданба.
Күннен-күнге өркөкірек боласың,
Тұрғызғандай кісіліктің моласын.
Болмысыңнан айрылмасаң түбінде,
Адал тердің нығметіне толасың.
Дәулетіңе қарап, патша сайлайды,
Әдемілеп ауызыңды майлайды.
Көзін ашу мақсатында адамның,
«Жоқтық жомарт жанның қолын байлайды».
Досым, сені бүлдіріп жүр тоқшылық,
Арқаңнан кеп қаққанымен көпшілік.
Маңайыңда бір тірі жан қалмайды,
Тас төбеңнен ұрған кезде жоқшылық.
Жоқшылық, ол тәрбиелейді өзіңді,
Көп нәрсеге жеткізеді көзіңді.
Аш-жалаңаш кезден өткен адамдар
Әр кез тағдыр сынағына төзімді.
Тәубеңе түс, ақыл есің барында,
Тоқырауға ұшырайды дарын да.
Тура жолдан адастырмас тоқшылық,
Дақ болмаса қасиетті арыңда.
Есіңді жый, аспан емес жердесің,
Ақша – құнсыз, көпке – табыс, ерге – сын.
Адамзатты бұза алмайды тоқшылық,
Жақсылап бір шешеді бет пердесін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇