Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  172


Автор: Самрат Құскенов

ЖАЛҒЫЗ АЛТЫН

(Шымшыма)



Қазағым, аштың-ау артыңды,
Тоғыз деп ескеріп алтыңды.
Екі жүз елу мың долларға
Бағалап отырсың Алтынды.



Не дейміз іштегі налаға?
Әке тұр күлкі боп балаға.
Эх, алты жүз алпыс миллион
теңгеміз кетті ғой далаға...



Спортшым, арқасы қозбаған,
Боркемік ешкімнен озбаған.
Бес есе аз қаржы жұмсаған,
Биіктен көрінді Өз ағам.



Ой, жалғыз алтыным – жеңісім,
Төрт жылда баптаған жемісім.
Халыққа қуаныш сыйлаған,
Әп-сәтте асфальттап ел ішін.



Ел есте сақтап бұл сәттерді,
Бізге де сурет пен хат келді.
Сәтсіздік сәттілік әкелмес,
Жұмыстан қусақ та бапкерді.



Алмаймыз өткеннің сабағын,
Замана түйсе де қабағын.
Тұлпар боп бас жүлде әкелмес,
Көршімнен әкелген жабағым.



Өзгемен қанжыға майланбас,
Кедейден уәзірің сайланбас.
Алтынның буына ма­сайып
жүрсең де, не ұқтың қайран бас?



Бір алтын шығарып даңқымды,
Жұбатып тұрғандай халқымды.
Итшілеп олимпқа жетпеспіз,
Ұстансақ қазіргі қарқынды.



Медаль да жалғызды сүймейді,
Бұндайда қалың бет күймейді.
Ең төмен көрсеткіш болғаннан,
Қазағым неге ой түймейді?...



Алтын да қымбаттап барады,
Таршылық кеңінен тарады.
Екі жүз елу мың доллар аз,
Бес жүз мың доллар көз салады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу