Өлеңдер ✍️
БЕТ ПЕН КӨТ
Біздің қоғам – ғалым емес, залымдардың сайран құрған қоғамы,
Тура айтып қалсаң, сені ойсыздардың ойынша, жын соғады.
Күннен күнге сорлап жүрміз, бәрі жақсы көрінгенмен сырт көзге,
Темір тұлпар тізгіндеген адамдар да аңсап тұр-ау доғаны.
Руханият деп от кешсем де, абайсызда қалдым желдің өтіне,
Белсенді боп танылсам да, бара алмадым білгіштердің ШӨТіне*.
Көбік сөзге масайғандар қайдан білсін түкірерін бетіне,
Маймөңкелеп, жағымсынып, сабындамай кіретіндер көтіне.
Елім деген ержүректі торға қамап, жігерін де жасытты,
Ақша, көлік, үймен ғұмыр кешкендерді теңіздей қып тасытты.
Бір-бірінің былықтарын сыр қып сақтап отыратын жан достар,
Боғын сыртқа шығармаймын деп қоршаған ортасын да сасытты.
Мен тонымды отқа тастай алмаймын-ау босқа битке өкпелеп,
Ішімдегі нала-мұңды жыр жолына түсіремін төкпелеп.
Бетке күлу, көтке кіру – табиғатым жақтырмайтын қасиет,
Аш қалмаспын, отырсам да қара суға қуырылған бөкпе жеп.
Бастығының көтін сүйіп амалдайды шаруасына епсіздер,
Тектілердің төбесіне әңгіртаяқ ойнатқан соң тексіздер.
Жиналыста, не жиында сөз алғанда шіренеді өзінше,
Лауазымды өсірсе де, өз саласын өлтіретін бетсіздер.
Қатты айтсаң, шетте қалдың өз қолыңа бақыт құсын қондырмай,
Ауызыңа ақ ит кіріп, көк ит шығып боқтағаның оңдырмай.
Төрге шығар жолды көттен тапқан маман сый-құрметке бөленсе,
Өрге жүзіп бармас ісің найза сабын еменіңнен жондырмай.
Бір ұлтшылды шірітуге мың бір ұлтсыз дайын өзін тот қылып,
Өз жұмысын шын беріліп істесе де, айналасын от қылып.
Ташкент шайын ішіп, Дубай шоколадын, жүзімін жеп Жапонның,
Енді отырмыз, кемелденген келешекке кетер бетті көт қылып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇