Эсселер ✍️
«Қазақ журналистикасына қосар үлесім.»
Журналистика – қоғамның айнасы, шындық пен әділеттің жаршысы. Бүгінде ақпарат ағымы қарқынды дамып, жалған деректер мен жалған жаңалықтар көбейген заманда кәсіби, жауапкершілігі мол журналистерге деген сұраныс арта түсуде. Менің де басты мақсатым – осы салада өз орнымды тауып, қазақ журналистикасының дамуына үлес қосу.
Ең алдымен, мен сапалы контент жасауды мақсат етемін. Халыққа пайдалы, шынайы және сенімді ақпарат ұсыну – журналистік қызметтің өзегі. Осы бағытта мен жас журналист ретінде әлеуметтік мәселелерге терең үңіліп, халықтың даусын билікке жеткізетін көпір болғым келеді.
Екіншіден, мен қазақ тіліндегі контенттің сапасын арттыруға күш саламын. Қазіргі таңда көп жастар орыс немесе ағылшын тілді контентке бет бұрып барады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін заман талабына сай, қызықты әрі мазмұнды қазақша медиажобалар жасау – менің мақсатым. Мысалы, әлеуметтік желіде қазақ тіліндегі подкасттар, деректі фильмдер, репортаждар жасау арқылы жастардың қызығушылығын оятуға болады.
Үшіншіден, мен ұлттық журналистиканың тарихын зерттеп, оны жаңаша ұсынуға үлес қосуды жөн көремін. Қазақ баспасөзінің терең тарихы бар: «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Қазақ» сияқты басылымдар – халқымыздың рухани мұрасын жеткізген алғашқы ақпарат құралдары. Сол дәстүрді жалғастырып, бүгінгі заманның тілінде жеткізу – үлкен жауапкершілік. Мен тарихи тұлғаларымыздың, ұмыт қалған оқиғалардың, халықтың бастан өткерген ауыр сәттерінің жаңғырығын жаңа форматта, яғни деректі фильмдер, сұхбаттар мен журналистік зерттеулер арқылы жастарға ұсынғым келеді. Өткенді тану – болашақты дұрыс бағытта құрудың негізі. Сол
себепті журналистиканы тек жаңалық тарату құралы емес, ұлттық сана мен тарихи жадты жаңғыртатын платформа ретінде дамытқым келеді.
Қорыта айтқанда, менің қазақ журналистикасына қосар үлесім – шынайылыққа негізделген, сапалы, креативті және ана тілімізде өрілген медиаконтент жасау. Бұл – менің борышым ғана емес, жүрек қалауым.
Аманжанова Меруерт
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇