Өлеңдер ✍️

  23.04.2025
  113


Автор: Жәнібек Салқынбек

ҮНСІЗДІК


Ееей!
естимісің сен мені, елес ару,
(Осы саған қиын ба, келе салу).
Бір көрінші көзіме жатырқамай
Сондағы ойым өзіңнен кеңес алу.

Бір жүрек бар кеудемде, сенде де бар,
Пәк сезімге тұрғандай шөлдеп олар.
Жіберейік махаббат майданына
Ауырғанда бір-бірін емдеп алар.

Ұғасың ба, мен сені іздеп жүрмін,
Танып алдым таңбасын іздеріңнің.
Оңашада отырып сырласайық
Керегі бар дәнекер бізге кімнің?!

Құпиям бар айтатын құлағыңа,
Ақтарылып, ашылып, шын ағыла.
Бірақ саған қоятын жалғыз шартым
Иә деуге уәде бер сұрағыма.

Жариялап шықпаған бір атағым,
Айқайласам біреуді жылатамын.
Сондықтан да әлемді дүрліктірмей
Үнсіз ғана сүюді ұнатамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу