Баталар ✍️
Беташар
—Келін, келді келіңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Атын айтып берейін,
Ала-құла демеңіз.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін.
Келін алып қуанған,
Көпшіліктен дуа алған
Қайын атаңызға бір сәлем!
Келін, келін келіп тұр,
Келіп үйге еніп тұр.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін.
Атқа мінсе тақадай,
Қорғасын құйған сақадай
Қайын ағаңызға бір сәлем!
Келін, келін келіп тұр,
Иіліп сәлем беріп тұр.
Танымайтын жұртымен
Танысуға келіп тұр.
Ақ таяғын сүйреткен,
Бар ақылын үйреткен
Тоқсанға келген шешеңізге бір сәлем!
Келін, келін, келіңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Там басында пақал жоқ,
Сипайын десе сақал жоқ.
Қайын ағаңызға бір сәлем!
Келін, келін келіп тұр,
Халқы риза болып тұр.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін.
Қапқа тыққан сабандай,
Тоғайдан шыққан қабандай,
Қайныңызға бір сәлем!
Әйт, әйт, келін, әйт, келін,
Атыңның басын тарт, келін.
Өзің жатып байыңа,
Тұр-тұрлама, тәйт, келін.
Таудан шыққан бұлақтай,
Жетім қалған лақтай
Қайын енеңізге бір сәлем!
Келін, келін, келіңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Ала-құла демеңіз,
Атын айтып берейін,
Ауылымыздың ағасы,
Елтірі тонның жағасы,
Қайын атаңызға бір сәлем!
Әй, келін-ау, әй, келін,
Құлағыңды сал, келін.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін,
Қара сөмке қолында,
Автобустың жолында,
Абысыныңызға бір сәлем!
Келін, келін келіп тұр,
Жұртына сәлем беріп тұр.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін.
Арқан ессе бос ескен,
Отырғанда жер тескен,
Қайын енеңізге бір сәлем!
Әй, келін-ау, әй келін,
Құлағыңды сал, келін.
Ертемен күбі пісіп,
Көйлегін түре жүріп,
Арқалап отын тасыған,
Қайырылып арқасын қасыған
Қатындарға бір сәлем!
Келін, келін, келіңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Ала-құла демеңіз,
Атын айтып берейін.
Суға барған жеріңде
Сусылдама, келіншек!
Отқа барған жеріңде
Отырып қалма, келіншек!
Түртінгенін қоймаған,
Ит балыққа тоймаған,
Қайныңызға бір сәлем!
Келін, келін келіп тұр,
Мүлде өзге жұртына
Иіліп сәлем беріп тұр.
Шашын майлап тараған,
Жігіт көрсе қараған
Жалпы қызға бір сәлем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter