Өлеңдер ✍️
АЛМАТЫҒА
Вагонмен жел жарысып,
Жатыстан бел қарысып,
Таяп міне келеміз Алматыға,
Көңілім алып-ұшып,
Жүректі жалын құшып,
Ойым озып өзімнен алға шыға.
Ықтаған Ала тауды,
Оранған қала бауды,
Тал-терегі жайқалған сəнді қала,
Сенде алғаш ғашық болып,
Көруге асық болып,
Жастығымды өткізгем əнді сала.
Бозбалалық дəуренім,
Махаббат атты əуренің,
Алғаш дəмін татқанмын мен өзіңде,
Гүл тере барып шатқалға,
Қиялап шығып қапталға,
Сұлу құшып, талай жатқам төсіңде.
Бұзық та болып, қағынып,
Ақылға бірақ бағынып,
Көше кездім сенің ұзақ түніңде,
Уақыт өтіп қаншама,
Десе де көңіл шаршама,
Кеткені ме, менен ұзап күнім де.
Көңілім міне алаңдап,
Сағыныш оты жалаңдап,
Достарды күткен көрмекке,
Ерсілі-қарсылы шапқылап,
Көрінер бізге жат қылық,
Кетермін ілесіп, қалың дүрмекке.
Еркін Оралбайұлы 21.02.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇