Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  153


Автор: Еркін Оралбайұлы

НАУРЫЗ

 


 


Құтты болсын көктемнің мерекесі,


Елдің кірер наурызбен берекесі.


Қой төлдеп, қозылары улап-шулап


Қандай əсем көктемнің кемел кеші.


 


Көктем келер әз наурыз жылдың басы,


Суға толар қар еріп жым-жылғасы.


Осы айда теңесіп күн менен түн.


Деген сөз бар ериді қырдың тасы.


 


Жаңа туған қыс кетіп, наурыз айы,


Қар астынан бəйшешек қауыз жайды.


Біршама күн гүрілдеп, өткел бермес,


Тасыған су толтырып тау, құз, сайды.


 


Қыста суық аяздың беті қайтып,


Өзенде сең қозғалып, шеті тайқып.


Төрт түліктің ауызы көкке ілігіп,


Деген осы наурызбен жетті бай, құт.


 


Ағаш-талға жан бітіп бүрін ашып,


Қуанады құс біткен шырылдасып.


Əжелер жүр дайындап наурыз көже,


Сақтап келген қыс бойы сүрін асып.


 


Салқын түсіп кешқұрым, күндіз жылып,


Көк шығып, ескі шөпті құнсыз қылып.


Қыстан шыққан көтерем тана-торпақ,


Ойнақтайды арқасын күн қыздырып.


 


Еркін Оралбайұлы 2018




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу