Өлеңдер ✍️
МҰҢДЫ ОЙЛАР
Айтпай келер белгісіз тұрақ, жайын,
Бұл тағдырда шешімсіз сұрақ дайын.
Кейде ойды сан сұрақ шырмап алар,
Жаңбырдан соң қаулаған құрақтайын.
Алғандаймын өзіме құрап уайым,
Көкжиекке батқандай құлап айым.
Түзу жерден сүрінген кездерім бар,
Тағдыр демеп десе де, құлатпайын.
Сыйға берген өмірге сынақтай мұң,
Бақытымнан еріксіз жырақтаймын.
Кейде лаулап жүректе от кейде сөніп,
Еріп майы таусылған шырақтаймын.
Алған кезде жанымды бұрап қайғым,
Құмға сіңген пайдасыз бұлақтаймын.
Ағысына өмірдің төтей алмас,
Тағдыр тартар жұлмалап "ұлақтаймын".
Әрбір өткен қайғысыз жұмақтай күн,
Небір ойлар келсе де сумақтай мың.
Сезім келіп сенімді жеңген кезде,
Жел ұшырар бауы жоқ тұмақтаймын.
Көңіл күйін десем де жұтатпайын,
Өмір-орман ағашын отатпайын.
Мұңды ойлар бәрібір басқан кезде,
Жапырақсыз қураған бұтақтаймын.
Еркін Оралбайұлы 17.12.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter