Өлеңдер ✍️
САЛҚЫН СУДЫ ҮРЛЕП ІШІП
Көкпарына өмірдің күнде түсіп,
Ызғарына тағдырдың пенде үсіп.
Өмір өзі осындай күнге ұқсайды,
Күндіз жарық болса да түнде өшіп.
Кейбіреулер тағдырын түрлеп пішіп,
Оңды-солды күбідей жүрмек пісіп.
Бұл тағдырдың отына аузың күйсе,
Салқын суды жүрерсің үрлеп ішіп.
Кейде ұмтылып кішкене жүлде үшін,
Сарқып алар біреулер мүлде күшін.
Бұл өмір даладағы гүл секілді,
Бола қоймас күтпесе гүлде пішін.
Өзгертуге тырыссаң өмір көшін,
Ол көрсетер қырсығып өлгір күшін.
Бірде саған бұл өмір қайғы əкелсе,
Бірде тосар бақ сыйлап көңіл төсін.
Бұл тағдырмен күресіп, күрмек шешіп,
Белден бақыт кейбіреу жүрмек кешіп.
Алла берген байлықты көтере алмай,
Кеуде соғып менменсіп үрмек бөсіп.
Ар-намысты өмір сүр жығып алмай,
Көзді сақта харамға сұғын салмай.
Иман кіріп жүрекке тəубе етпей,
Тағдыр сырын өтерсің ұғына алмай.
Еркін Оралбайұлы 5.05.2018.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇