Өлеңдер ✍️
АНА СҮТІН АҚТАМАҒАН ҰЛ
(өкініш өрті)
Бірінші бөлім
Анамызбен — күніміз шуақ шашар,
Анамызбен — гүліміз тұрақты ашар.
Бақыттымыз барында анамыздың,
Жанымыз бай, қайғы-мұң жырақтасар.
Анамыздың қасында баламыз біз,
Мейрімдікті анадан табамыз біз.
Алақаны ып-ыстық Аналардың,
Қуатты көп сіздерден аламыз біз.
Аналарды жырласақ күн жетпейді,
Аналарсыз көңілді күн өтпейді.
Ана жайлы жазайын мен оқиға,
Көлеңкелеп ана үшін күн беткейді.
Оқыған ем, бұл оқиға туралы,
Бір газеттен,
Көп болған соң сырлары.
Жырға қостым өлеңіммен әлдилеп,
Жанды ауыртып, жылатқан соң мұңдары.
Мұндағы ой — кейіпкер Ана жайлы,
Баласына сыйлайтын күн мен айды.
Қарапайым бұл ана, жаны сұлу,
Жүрген жерін хош иіс…гүлге орайды.
Сол бір ана — екі қыз, күйеуі бар,
Қақаған қыс, аш құрсақ, жүдеуі бар.
Дала боран, ызғарлы тоңдырады,
Омбылаған ақ қарды күреуі бар.
Сондай бір қыс, аязды, суық үні,
Бірі екіде, бесікте қыздың бірі.
Күйеуі бар, жатулы ауырудан,
Асқынған көп сырқаты қыстың күні.
Үйдің іші суық боп, мазаны алды,
Көңіл мұздап, бұл қыстың азабы алды.
Күйеуіне қарайды, қыздарына,
Қарлығаштай шырылдап,таза жанды.
Ана шіркін не істейді, амал қандай,
Ертеңіне отырмас алаңдамай.
Жаны ауырып барады бұл күйіне,
Отын-суын, дегендей, табам қалай?!
Екі қызы еріксіз жылайды көп,
Тамақ бер деп, қарны ашып, сұрайды көп.
Ал күйеуі жатады іштен тынып,
Тоңғандығын білдірмей ұдайы көп.
Бәрін біліп, сезеді ана жүрек,
Жаратқаннан жақсылық қана тілеп.
Іздеп шықты далаға, жағар отын,
Қар күрейтін қолында ала күрек…!
Жаны ауырып, үйіне алаңдайды,
Үйлесімді шешімін таба алмайды.
Қыздары мен күйеуін үйде қалған,
Ойлауменен жүрегін жаралайды.
Ен даладан іздеп жүр жағар отын,
Ағаш емес даладан табар қоқым.
Табылғанмен шырпылар қар астынан,
Сыйын тауып қойған-ды, өмір тосын…!
Отын іздеп жүргенде дала кезіп,
Көзіне жас келеді жанды езіп.
Жан дүниесі болады алай-дүлей,
Бір дауылдың боларын жүрек сезіп.
Шырпыларын қойғанда қолындағы,
Жоғалғандай күй кешті орын тағы.
Келе жатып жаман ой құрсауында,
Қарға оңбай құлады жолындағы.
Құласа да орнынан атып тұрды,
Іздегендей үйінен бақыт-нұрды.
Қармен бірге омбылап келе жатыр,
Күткендейін ол алдан шаттық күнді.
Үйге келсе қыздары жылап жатыр,
Жүре алмай біреуі құлап жатыр.
Қимылы жоқ, демі жоқ, жүрек үнсіз,
Күйеуіне қараса сұлап жатыр.
Тұрып қалды орнында қозғала алмай,
Күйеуіне айтарға сөз таба алмай.
Ал қыздары жылайды жан ұшыра,
Аш құрсақтан жылауға күш ала алмай.
Солай тұрды үндемей, есі шығып,
Күйеуінен айрылған кешін ұғып.
Қыздарына қарайды мейірлене,
Қалғандайын ризықсыз көші құрып.
Балапандай қыздары шырылдайды,
Ішектері аштықтан құрылдайды.
Үйі суық, тамақ жоқ, күйеу кетті,
Бақыт қайда, бұларға бұрылмайды.
Жылауменен өткізді күнін кешкі,
Өксік кернеп мылқаудың күйін кешті.
Не істейді енді, жүгірді көрші үйге,
Қыздары үшін бір шама жиып есті.
Екінші бөлім
Көрші үйде тұрады қайнағасы,
Алтынменен апталған айналасы.
Бір кем дүние өмір-ай, баласы жоқ,
Толғанымен байлыққа сай-саласы.
Мейірім жоқ адамға, жомарттығы,
Болғанымен ақша көп, жол ақтығы.
Інісіне жәрдемін берген емес,
Жатса-дағы бұл қыстың борап күні.
Інісінің жағдайын білсе де ол,
Бір бармады арнайы үйіне сол.
Аш па екен, тоңды ма, жоқ хабары,
Мәз болады өзінің күйіне зор.
Әйелімен екеуі пар қосылған,
Қиындықтан демеймін жан тосылған.
Алаңсыз боп кешкі шәй ішіп отыр,
Келгенде Ана айрылып, жолдасынан.
Анамызға қарады үнсіз ғана,
«Неге келдің?» — дегендей құнсыздана.
Өксік кернеп өзегін тұрды Анамыз,
Жас тоқтамай көзінен, түр сыздана.
Жылағаннан ісінген қос жанары,
Қара түнек бұлт болып қас қабағы.
Әрең ғана үн қатып сөйлейді Ана,
Күйеуінен айрылып асқаралы.
— Аға-жеңге, жүріңіз біздің үйге,
Қаралы күн орналды біздің үйде.
Ініңізден айрылдым, жүріп кетті,
Тастады екен, деймін-ау, бізді кімге?!
Естігенде еріксіз бұл хабарды,
Екеуі де орнынан тұрмады әлі.
«Біз барғанда тіріліп келе ме?» —деп,
Өздерінше, сөз бермей бұлданады.
«Бекер келдім бұл жерге», деп ішінен,
Ана байғұс шықты үйден бар күшімен.
Тәлтіректеп жүре алмай келеді ол,
Аязды кеш, ызғарлы қар үстімен.
Отырғанда үйге кеп, амал құрып,
Қайнағасы көрсетті адамдылық.
Жаназаға керекті затын алып,
Сол Қайнаға жасады қадамды нық.
Зыр жүгіріп отынын беріп жатыр,
Шашылғанын біртіндеп теріп жатыр.
Естіген соң, суық бұл, қаралы үйге,
Көршілері біртіндеп келіп жатыр.
Таң-тамаша боп қалды, ана шіркін,
Таба алдым ба, дейді ол, сандық кілтін.
Шамасы жоқ басқасын ойлауға да,
Ұстануға тиісті дәстүр- ғұрпын.
Жаназасын өткізіп күйеуінің,
Келмейтінін сезінді тірегінің.
Қыздарына бас-көз боп қарайлайды,
Сыздауына қарамай жүрегінің.
Өтіп жатыр әр күні қыздарымен,
Қарлы боран, аязы, ызғарымен.
Қайнағасы келеді күнде үйіне,
Отыны бар, ас-ауқат, тұз дәмімен.
Өткізуде жетісін бауырының,
Алғысына бөленіп ауылының.
Мұның бәрін түсінбей отыр Ана,
Қайнағаның қасынан табылуын.
Қайнағасы мейрімді жанға айналды,
Қолы ашық, ақшасы барға айналды.
Қыздар үшін күндей боп шуақ шашар,
Арайланып ататын таңға айналды.
Дәл осылай қырқы мен жүзі өтті,
Көктемі мен жазы бар, күзі өтті.
Зыр жүгіріп жүр әлі Қайнағасы,
Бұрынғыдай атқарып қызыметті.
Күйеуінің кеп қалды жылдық асы,
Бетін жуып барады көздің жасы.
Қыздарын кеп алады құшағына,
Сендерсіңдер дегендей, сөздің басы.
Жылдық асы өткен соң қалды ағайын,
Қайнағасы ашардай жан сарайын.
Сыбырласып қояды Ақсақалдар,
Алдан күтіп отқандай таң арайын!
Сосын жайлап сөздерін бастады кеп,
Әмеңгерлік жайында әуені үндеп.
Бірі айтады, қоштайды енді бірі,
Тыңда келін, біздерге құлақ түр деп.
Осы әулеттің гүлдері, қыздарың бар,
Бораның бар, тоңдырар ызғарың бар.
Өмір қатал білесің, бір-ақ демде,
Тайғанақтап құлатар мұздары бар.
Сондықтан да келінжан, ертеңді ойла,
Қыздарыңның ертеңі тұрсын ойда.
Қайнағаңмен бас қосып, отау құрап,
Басты көтер, жалғап сен тойды, тойға!
Біртүрлі боп қалды Ана сөздеріне,
Қалайша деп, қарайлап көздеріне.
Жеңешем ше, ол қайда? — деп сұрады,
Қойып қарсы сұрағын, өздеріне?!
Қайнағасы сол кезде жауап берді, —
Шыдамаймын дегендей азапқа енді.
—Ажырастым жеңгеңмен, кетті үйден,
Қадам басқым келеді ғажапқа енді.
Қыздерыңа әке боп, сезінейін,
Әкелердің бағына кезігейін.
Әрі қарай өзіңнен бала сүйіп,
Барлығын да мәпелеп өсірейін!
Сен рұқсат ет, байлығым өздеріңе,
Сенші менің бұл айтқан сөздеріме.
Қыздарыңа мен қамқор болайыншы,
Оралтқызып бақытты кездеріңе!
Сосын біраз отырды бәрі үнсіз,
Ал Анаға боп айтқан сөзі құнсыз.
«Келіс» дейді, ақсақал, ағайындар,
Өтсін десең өмірің егер мұңсыз.
Осылай деп, барлығы тарап кетті,
Күндер өтті арада, апта жетті.
Қайнағасы жауабын күтіп күнде,
Келінінің үйіне қайта кепті.
Ойлануда келіні жауабын көп,
Қыздарды енді қалайша «бағамын» деп.
Қайнағасы тұрғанда жауап күтіп,
Ақырында шешеді «барамын» деп.
Жар болуға келісті қыздары үшін,
Бүгіні мен ертеңі, қыз бағы үшін.
Екінші рет осылай отау құрды,
Қыздарының өмірін бұзбауы үшін!
Үшінші бөлім
Осылайша көктемі, жазы өтті,
Қиқулаған тырнасы, қазы кетті.
Күз соңынан ашады қысы есік,
Орнағандай ғажап күн әділетті.
Қайнағасы өзгерген оң жағына,
Қыздарының қасынан ол табыла.
Жалғанды өмір екінші күйеуі боп,
Шүкір деумен Анамыз қолдағына.
Қыздары да бақытты күй кешеді,
Бұл бір бізге берілген сый деседі.
Ішкендері алдында, ішпегені,
Үстерінде киімі үйлеседі.
Ұмытады аш кезді бүрсең қаққан,
Өгей әке жүзінен жылу шашқан.
Өмір сүрді екі қыз ханшайымдай,
Ай, күндері көп болып көңілді атқан.
Еркелетті қыздарын өгей әке,
Қыздарының қылығын демей қате.
Төрт-бес жылды өткерді осылайша,
Қыздарына қатты сөз бермей әке!
Бақытты сәт соңына келгендей-ақ,
Тағдыр жолы тосын сый бергендей-ақ.
Аналары ұлды боп екі қыздың,
Болып қалды қыздар түс көргендей-ақ!
Өгей әке қуанды, бақытты боп,
Ұлыменен өткізіп уақытты көп.
Еркелетер баласын бесіктегі,
Ал қыздарға қарауға уақыты жоқ.
Баласына «Аңсар» деп ат қояды,
Аңсар үшін жасары көп қой әлі.
Елеусіз боп, қараусыз Әке үшін,
Өгей қыздар далада қап қояды.
Ал Анамыз қыздарға алаңдайды,
Қастарына алаңсыз бара алмайды.
Өгей әке өзгеріп шыға келген,
Сол баяғы қатыгез адамдайды.
Боп қалғандай қыздардың қараң күні,
Тапталғандай аяққа адам құны.
Әр күн сайын жекиді қыздарына,
Артып күнде Әкенің надандығы.
Анамыздың уайымы артқандай көп,
Жылайды іштей қыздарын сатқандай боп.
Мұндай өмір не керек, айтыңызшы,
Қыздар жүрсе ащы өмір татқандай боп.
Өтеді күн, айлары, жылдар өтер,
Аңсар бала анасын тыңдар ма, екен?!
Еркелеткен әкесі, бетін қақпай,
Тәрбиесіз баласын қылған бетер.
Қыздар болса сұлулана бой жетті,
Жаратқаным тәрбиелі, ойлы етті.
Анасының өмірі үшін қамығып,
Жан ұшыра көздің жасын көлдетті.
Не істер енді, қатыгез өгей әке,
Бұл қыздарын ақшаға теңейді әке.
Алаңдамас олардың бақыты үшін,
Тілемейді сәулелі мерейді әке!
Қамығады, жылайды байғұс қыздар,
Бұл өмірге қапылық айтып қыздар.
Уайымдайды бір жағы аналарын,
Өміріне қарап бұл — жүрек сыздар.
Ал бауыры дөрекі болып өскен,
Адамшылық дейтұғын қалып көштен.
Әпкелері жайында ойламайды,
Оттай болып әр күні жалынды ескен…!
Артып жатыр Өгейдің надандығы,
Бойындағы жоғалып адамдығы.
Үлкен қызын Қытайға берем дейді,
Қалмағандай ол үшін адам құны.
Сол ма екен, Қонақтар үйге келді,
«Армысыздар», деп олар сәлем берді.
Екен бұлар Қытайдан келген Қазақ,
Қыз үшін деп ұсынған пәлендерді.
Ақша үшін қызын сатып, келіскен,
Байлық үшін ар-намысын беріскен.
Өгей әке өгейлігін жасады,
Бөлінгендей қыздар үшін жер үштен.
Үй төріне шығарып қонақтарын,
Ұмытқандай Алласын, Жаратқанын.
Анамызға ас-ауқат әкелтеді,
Орындатып бұйрығын, талаптарын…!
Тамақтан соң қонақтар шақыртады,
Үлкен қыздың айтқызып атын тағы.
Дайындалсын, Қытайға кетеміз», — деп,
Анамыздың көңілін басынтады.
Үлкен қызы келеді, шақырған соң,
Өгей әке бұйрық қып, ақырған соң.
Қонақтарды көреді, төріндегі,
«Ишаратпен келдім» деп, жақыннан сол.
Бәрі үнсіз бұл қызға қарап отыр,
Бақытына ұлдары балап отыр.
«Жүр қызым» деп, «кетеміз елімізге»,
Үлкендері уақытты санап отыр.
Ал қыз болса, «бармаймын, бармаймын» деп,
«Қытайға мен ізімді салмаймын» деп.
Бөлмесіне кіріп ап, есікті ілді,
«Тұрмыс құрсам елімді таңдаймын» деп.
Өгей әке булықты ашуына,
«Жол бермеймін» деп «оған қашуыңа».
«Есікті аш, жаныңның барында», деп,
Ақша үшін, айқайлап, тасынуда.
Ал қыз болса жылайды үнсіз ғана,
Қалғандығын біліп ол, құнсыздана.
Төбедегі түседі қамшы көзге,
Өлейінші деп ойлап, жымсыз ғана.
Өгей әке есікті ұрып жатқанда,
Қыздың жаны ұшып жатты аспанға.
Үлкен қызы кетіп қалды өмірден,
Ашулы әке жұлқып есік ашқанда.
Оны көріп Анамыз естен танды,
Шамасы жоқ жүруге, көштен қалды.
«Қыз жоқ болса, ақшаны қайтарғын»,— деп,
Қонақтары тыңдамай, беттен алды.
Кіші қызы қасында анасының,
Жоғалтқандай өмірден бар асылын.
Анасымен қосыла жоқтап отыр,
Әпкетайын, табатын жарасымын.
Ал Аңсардың бұларда шаруасы жоқ,
Алаңдамас осы үйдің баласы боп.
Әпкесінің жайы да қызықтырмас,
Назар салып оларға қарасы жоқ.
Өгей әке келеді қастарына,
Екеуінің қарамай жастарына.
Кіші қызын жетектеп, жұлқылайды,
Үлкен қайғы орнатып жас жанына.
«Бармаймын» деп кіші қыз шырылдайды,
Өгей әке сөзіне бұрылмайды.
Көтеріп ап, тыңдамай қыздың сөзін,
Мал артқандай көлікке тығындайды.
Солай кетті Қытайлық қонақтары,
Жоғалғандай ана үшін жол ақтары.
Қараңғылық әлемге еніп кетті,
Қайғы-мұңы еселеп, жолап бәрі.
«Бір қызымнан өлідей айрылдым» — деп,
«Аспандағы жоғалды ай, күнім», — деп.
«Екінші қыз Қытай асып барады,»,
Дейді ана, «Жоғалды байлығым»,— деп…!
Қалды Анамыз осылай жоқтау айтып,
Жұбататын бір жан жоқ, тоқтау айтып.
Ағайын мен туыстар қатыспайды,
Айдалада қалғандай жолдан тайқып.
Төртінші бөлім
Күн артынан күн өтіп, ай жалғайды,
Қыздарынсыз жылдары айды алдайды.
Қанша уақыт арада өтсе-дағы,
Анамыздың қайғысы ортаймайды.
Қаталдығын өмірдің, біледі — Ана,
Қиындықты арқалап жүреді — Ана.
Есенгіреп өмірден баз кешеді,
Қайғы үстіне қайғырып үнемі — Ана…!
Аңсайды ана қыздарын сағынады,
Сағыныштан сарғайып, жабығады.
«Неге менің қыздарым, неге?» — деумен,
Жанарынан жасы көп ағылады.
Анасында шаруа жоқ, баласы бар,
Мұңға батқан Ананың даласы бар.
Ал күйеуі, бұрынғы Қайнағасы,
Ауыруға шалдығып, аласұрар…!
Қайтсын енді, жасағаны жамандық,
Қыздарына көрсетпеді адамдық.
Анамыздың аштырмады ауызын,
Күш көрсетіп, өзін өзі жаман қып!
Жалтақтаумен өмірі,… өткен — Ана,
Әрбір күні ызғарлы, өктем! — Ана.
Бірі кетіп қыздардың, бұл өмірден,
Енді бірі Қытайды еткен пана.
Қазіргі күйеуінің жағдайы ауыр,
Ақшасы оған болмады туыс, бауыр.
Қымбат дәрі ішеді, ине ектіріп,
Бәрібір де болмады оған тәуір.
Ауыр күндер осылай өте берді,
Өткен күні келмеске кете берді.
Құлағына келеді қыздарының,
Шырылдаған үндері, не істеді енді?!
Ұйықтаса түсіне кіреді олар,
Жан айқаймен шошытып үнемі олар.
«Неге Әке, сен бізге неге бүйттің?»,—
Деген сөзбен қорқытып жүреді олар.
Ал оянса көргені түсі екен,
Жанды ауыртқан өзінің ісі ме екен?!
Қыздарына жасаған қылықтары,
Соққы болған өзіне, күші ме екен?!
Сосын тағы қыздары елестейді,
Елестері уақытқа теңеспейді.
Жалынады Құдайға «мені ал» — деп,
Мазалаған кетсін, — деп, «елес» дейді.
Осылайша бір күні демі бітті,
Демі бітті қосыла емі бітті.
Жаны кетіп аспанға ұшып алыс,
Қара жерге денесі көміліпті.
Қатыгез күйеу де өтті, бұл өмірден,
Ақшасымен мықты жан боп көрінген.
Ашкөздікпен жинаған дүниесі,
Қалды бәрі, табылмай, жоқ көрінен.
Бұған Ана көңілі бұзылмады,
Сағынады, іздейді қызын әлі.
Ал баласы Әкесін жоқтамады,
Анасының қарамай жүзіне әлі.
Аңсар бала күн кешті өз бетімен,
Ал Анасы болады өз дертімен.
Күндер өтті, айлары жыл арқалап,
Ұлы кетіп алаңсыз өз еркімен.
Құмарлыққа берілді ақыл бәрі,
Ақша бітіп, таусылды батыл әні.
Анасының отырған бір күні үйі,
Ақша үшін сыртынан сатылады.
Не көрмеді десеңші, қайран Ана,
Жарық дүние, өмірі ойран Ана.
Көрмегенді көрген жан, күйеуінен,
Енді міне, қатыгез, сайран бала.
Отырғанда үйінде алаңсыз боп,
Айналғандай күйге енді жарамсыз боп.
Есік ашты үйінің егелері,
«Шығыңыз» деп Анаға, амалсыз боп!
Ана қайтсын, тағы да қамығады,
«Мені ал»,— деп, Құдайға жалынады.
Есіне алып бірінші күйеуінің,
Бейітінің қасынан табылады.
«Өлсем сенің қасыңда өлейін», — деп,
«Бұл жанымды Раббыма берейін», — деп,
Бейітті Ана құшақтап жатады көп,
«Басқа салса тағдырым, көрейін», — деп…!
Осылайша бір күн өтті арада,
Екінші күн ізін салып араға.
Аш құрсақ боп жатады бас көтермей,
Қара суық, бейіті бар далада.
Үшінші күн дегенде көрді Ананы,
Бәз біреулер жерлеген бір баланы.
Тұрғызады орнынан қасына кеп,
Есіне сап тоңдырар күз даланы.
«Ешкімім жоқ, тиіспеңдер, маған» деп,
«Осы жерден тынышымды алам» деп.
Үн қатады бұл Анамыз қамыға,
«Осы менің жайлы мекен, далам» — деп.
Тыңдамайды, «Жүріңіз» деп, Анаға,
«Тастамаймыз» дейді, «сізді далаға».
Апарады солай, қарттар үйіне,
Екі сағат уақыт салып араға.
Қарттар үйі жайлы мекен болғанмен,
Мекені ғой қайғы-мұңдар толған ең.
Неше түрлі жиналған бұл тағдырлар,
Жылы жерде жаны суып, тоңған ең.
Терезеге телміреді қарайлап,
Қызы келіп, таңы атардай арайлап.
Қытайдағы қызын аңсап, күтеді,
Келсе қызы нұрланардай бар аймақ.
Әр күн сайын қызын күтіп жатты Ана,
Жігер күшін жинап тағы баптала.
Бар арманы қызын көру болатын,
Санасында қыз бейнесі жаттала.
Бесінші бөлім
Қызы болса Қытайдан келеді анық,
Ана дертін жүрекпен сезіне алып.
Сағынады анасын, іздейді кеп,
Арасына қаншама жылдар салып.
Қытайдағы күйеуін жеңе алмады,
Ақшасы жоқ, үйіне келе алмады.
Балалы боп, шағалы, үй-жайы боп,
Анасына сәлемін бере алмады.
Сырты бүтін боп жүрді, іші түтін,
Ойлауменен анасын неше дүркін.
«Барамын мен күтіңіз», —деп Анашым,
«Табамын» деп, «мен сізді алда бір күн».
Осылайша еліне келген еді,
Қуанышпен үйіне енген еді.
Анасы жоқ, үйінде басқа адамдар,
Сұрастырса жоқ бір жан, көрген енді.
Іштей жылап, қызы көп мұңданады,
Жаяулатып кезеді құм даланы.
Сұрастырып келеді жан анасын,
«Білмеймізбен» шектелген тыңдағаны.
Бара жатты көңілсіз, әлі құрып,
Анасы жоқ, өмірдің мәні құрып.
Әкесінің барады бейітіне,
Қадамдары сол жақа бағыт құрып.
Әкесімен отырып сырласады,
Неге әке, бұлай? — деп мұңдасады.
Аш құрсақ боп құлайды сол бейітке,
Құлап жатып Қыз іштей сырды ашады.
«Анашыма не болды, қайда екен?» — деп,
«Өмір ғұрпы қалай-ау, жай ма екен?» — деп.
Өз-өзімен сөйлесіп жатыр іштей,
«Төрт құбыла түгелдей, сай ма екен?» —деп.
Іштей ғана сөйлесіп жатқанында,
Ата шықты арайлы ақ таңы да.
Ұйықтап жатыр бейіттің басында бұл,
Бір тәулік боп осылай жатқанына.
Мұны көрді тағы да сол адамдар,
Жылдамырақ басылып оң қадамдар.
«Неге мұнда жатырсыз?», — деп қояды,
Өткендегі Анасын қолдағандар.
«Неге бейіт басына келесіздер?» —
Бұл жерде көп болады келеңсіздер.
Өткенде де көргенбіз бір Ананы,
Көз жанарын жаулаған елесіндер!».
Бұл сөзді естіп орнынан атып тұрды,
Қос жанары жәутеңдеп, қатып мұңды.
«Менің Анам, ол қазір қайда?» —дейді,
Мәліметті алардай сұрап құнды.
«Біз Ананы апардық мекеніне,
Өз ойының кеткен соң жетегіне.
Қарттар үйі жайлы орын болады» — деп,
Сендірдік біз қауіпсіз екеніне.
«Қарттар үйі, дейсіз бе, ол қай жерде?»,
Іздеп келдім анамды мен де елге.
Таппай қалдым үйімнен, іздедім көп,
Анашымның үніне зар боп, кемде».
Анасының алады мекен-жайын,
Іштей жылап келеді, артып уайым.
«Анашым-ау, бұл күйге қалай түстің? —
Қиналдың-ау өмірде болмай жайың!».
Қалың ойы уақытты тез етеді,
Анасының қасына тез жетеді.
Есікті ашып «Анашым, мен келдім» —деп,
Құшағына бас ұрар кез жетеді.
Ана жүрек лүпілдейді, қуана,
Жан қызының келгеніне жұбана.
«Қызым» дейді мейірлене құшақтап,
Қуаныштан жан дүниесі нұрлана.
Құшағына басып қызын тұрды ана,
Бар бақытын сыйлағандай мұң дала.
Қатты соғып жүрек дүрсіл қағады,
Қос жүректің сағынышы тыңдала.
Сәлден кейін қызы Анадан сұрады,
«Неге Анашым?», — деумен бітпей сұрағы.
«Әкем қайда, інім қайда, сіз қайда?, —
Неге үйде басқа біреу тұрады?» …!
Не дейді Ана, жанарынан жас тамып,
Айтып берді бар өмірін дастан қып.
Естігенде қыз еріксіз жылайды,
Аяқтары дірілдеумен басқан нық.
Содан қызы тұрады тез орнынан,
Анасының ұстап тұрып қолынан.
«Мен Аңсарды тауып келем, күт»,— дейді,
Бауырымды адасқан көп жолынан.
Ал Анасы: «Барма» дейді, «қал» дейді,
«Оданда сен, тек қасымда бол»,— дейді.
«Керек емес маған ондай баланың,
Өз өмірін сүре берсін, ол мейлі…!»
Тыңдамайды анасының сөздерін,
Есіне алып өткен шақты, кездерін.
«Барам» дейді, «Жан анашым күтіңіз,
Алдыңызға келеді әлі кезбе ұлың!».
Осылайша іздеп шықты бауырын,
Сұрастарып таныстарын, ауылын.
Бірі айтты «Кеткен көшіп қалаға,
Тастам мұнда Жан анасын, қауымын».
Дейді бірі: «Ол баладан қайран жоқ,
Жан Анасын жылатты ол айдан көп.
Құмарлыққа салынды ғой бұл бала,
Шаңырақты аяқ асты ойран боп».
Әр адамнан әртүрлі сөз естиді,
Жабырқаулы көңіл одан кетпейді.
Жақсы болсын, жаман болсын, — бауыры,
Одан алыс, өзге елге кет мейлі…!
Түссе-дағы Анасы үшін көңілі,
Бір ғажайып күйге енгендей өмірі.
Тапсам деумен келе жатыр бауырын,
Өз-өзіне берік болып сенімі.
Сұрастырды сыныптас достарынан,
Бір мәлімет алғандай дос бағынан.
«Орыс әйел» үйінде, ініңіз —деп,
Бөліседі, үн қатып жоспарынан.
Достарынан сұрады бірге оқыған,
Бір партаны бөлісіп бірге отырған.
Орыс әйел үйінде, — дейді бірі,
«Оқығаным бар еді, бір хатынан».
Жолға шықты алып ап мекен-жайын,
Қуаныш бар, мұң да бар, бөтен уайым.
Ой үстінде қалаға тез жетеді,
Лүпіл қағып жүрегі жеткен сайын.
Есікті ұрып, басады қоңырауды,
Басталарын сезгендей қоңыр дауды.
«Здравствуйте, кто вы?! — дейді біреу,
Сезілгендей ол үшін ток ұрғаы.
— Аңсар керек, Аңсарды іздеп жүрмін,
Бауырымды өтуде іздеп күнім.
Шақыр оны, Әпкесі боламын мен,
Келген едім алыстан іздеп бүгін.
— Ансара нет, он в офисе, работа,
Дейді әйелі орысша сөз бората.
Сосын барып мекен-жайын береді,
Кіргізгісі келмей үйге жолата.
Інісінің жұмысына келеді,
Жақсылықтың орнауына сенеді.
Тоқылдатып ашып алып есікті,
Келеді де шапалақты береді.
Ал бауыры ашуланып шығады,
«Сіз кімсіз» деп танымай ол сұрады.
«Күзетші» деп шақарады айқайлап,
Санада көп болса-дағы сұрағы.
—Ашуланба, сенің оған қақың жоқ,
Қорғамадың сонда маған жақын боп.
Мен Әпкеңмін Қытай асқан сол күні,
Ақша үшін сатылғанмын затың боп.
—Қайда Анамыз? Бар ма одан хабарың?
Білесін бе, Анамыздың ажарын?!
Саған тастап кеткен едім алаңсыз,
Сездірмепсің бұл өмірдің ғажабын?!
Сонда інісі тұрып қалды үнсіз боп,
Әпкесі үшін сөйлегені құнсыз боп.
—Бауырым-ай, сен не істедің? — дейді ол,
Інісіне, қарап тұрған, мінсіз боп.
—Сендей бауыр, іні берген Жаратқан,
Бауырлар деп екеумізді санатқан.
Әпкеміз жоқ, кетті өмірден тым ерте,
Күн нұрындай бізге шуақ таратқан.
Ал Анамыз терезеге телміріп,
Отырады, саңлауынан жел кіріп.
Сен болсаң бұл, отырысың жайлы екен,
Креслода еш алаңсыз керіліп…!
Жүр менімен, Анамызға барайық,
Ақ тілегін, ақ батасын алайық,—
Дейді әпкесі беттеп есік жағына,
«Анамыздың көңілін біз табайық!»
—Жоқ бармаймын, дейді інісі тағы да,
Іштей жылап, айтқанына қамыға.
—Мен жаманмын, қарамадым Анама,
Енді міне жүрмін Әпке сағына.
Деп тұрғанда Әпке шықты есіктен,
Сөздеріне мұңайып бұл есіткен.
Інісіне қайта-қайта қарайды,
Өзін-өзі кінәлап, «Мен кешіккен».
—Мен кешіктім, ертерек келем деп ем,
Мына мұңды қайтемін, тереңдеген.
Анашыма уәдемді беріп едім,
«Аңсарды алып алдыңа келем» — деген.—
Ой үстінде осылай келе жатты,
Көтергендей арқалап ауыр затты.
Бас көтермей келеді жерге қарап,
Шеше алмай жатқандай бір жұмбақты.
«Әпке» деген содан соң дауыс келді,
—Тоқтаңызшы, барамын деген, енді. —
Қуанғаннан Әпкесі тұрып қалды,
Тапқандайын сол тұрған жерден кенді.
Інісінің отырып көлігіне,
Таңданыспен қарады өміріне.
Еріксіз ол «Анашым» дейді ішінен,
Қаяу-мұң сап жабырқау көңіліне.
Тағы да ол қарайды бауырына,
Деп қояды:«барып тұр, ауылыңа»
Анашымның жағдайын жаса,— дейді,
«Бұл өмірден бір бақыт табуына»
— Мені қойшы, мен жат жұрттық адаммын,
Сонда да інім, мен сендерге алаңмын.
Қуанамын сендер жақсы болсаңдар,
Ең бақытты жаны болып даламның.
Інісі де Әпке сөзін қоштайды,
Солай енді жақсылыққа бастайды.
«Анашымның табайын деп көңілін»,
Бауыры да Әпке сөзін растайды.
Жетеді олар, солай Қарттар үйіне,
Мұңаяды ұлы Ананың күйіне.
«Неге, неге мен ертерек келмедім»,
Дейді ұлы, бұл өмірден түңіле.
Келсе Анасы теріс қарап жатады,
Қызы келіп Анаға тіл қатады.
— Анашым-ау, алып келдім ұлыңды,
Дегенде Ана, қайғы-мұңға батады.
Теріс қарап үндемей жатқан күйі,
Деп ойлады: «ұлының қалған сыйы».
Қасына кеп: «Кешірші, дейді Анашым,»
Мына мені, «қайғыға салған жиі».
Қолын ұстап жылайды Анасының,
Енді сезіп Ананың жан асылын.
«Қателестім, кешірші, Анашым» —деп,
Күй кешеді тапқандай жарасымын.
Сізден алыс жүріппін мұңды арқалап,
Жарық мына өмірде түнді арқалап.
Анашым-ау, зіл батпан күйде жүрдім,
Жүргендейін ауыр жүк, құмды арқалап.
«Енді бәрін түзеймін, кешір»,— дейді,
Ал ананың жүрегі кешірмейді.
Бір-ақ ауыз сөзімен тіл қатады,
Сөз сөйлеген ең соңғы, бесінде игі.
— Ақ сүтімді кешпеймін, — дейді Ана,
Сол сөзден соң қайғы-мұң үйді Ана.
Тыныс алып соңғы рет тереңінен,
Қыз қолынан әлсіреп сүйді Ана.
Сағынышпен күтіпті ұл мен қызын,
Аңсағандай аспанда бақ жұлдызын.
Келген кезде қызы мен Аңсар ұлы,
Жаңа өмірге аттанып, салды ізін.
Осылайша аттанды ана өмірге,
Қадам басып жатқандай жаңа өмірге.
Алаңдаған жаны да тыныш тапты,
Жол тартқандай уайымсыз бала өмірге.
Ұл мен қызы жылайды «кешіктім»,— деп,
«Жан Анашым жайыңды кеш ұқтым», —деп.
Болған жайға ұлы мен қызы өкінді,
«Жауапсыздық Анашым, таныттым» деп.
Өкінгеннен не пайда, кетті Анамыз,
Құшағына әкетіп жер панамыз.
Өміріне куә боп, Анамыздың,
Күрсінгендей күй кешті ен даламыз.
Дәл осылай өкініп қалмас үшін,
Теріс бата Анадан алмас үшін.
Қадірлейік Ананы тірісінде,
Аңсар ұлдың күйінде болмас үшін…!
***
P.S
Өмір өтер, адамдар, өмір өтер,
Бірі келіп өмірге, бірі кетер.
Аналардың барында сыйлайықшы,
Қайғы салмай жанына күннен бетер.
Ақ сүт берген Ананы аялайық,
Бар жылуды Анадан аямайық!
Көңілде ертең өкініш болмас үшін,
Анамызды барында бағалайық!
Сәулелі өмір, нұр шашып, күлімдесін,
Аналарға ауырлық білінбесін!
Отбасы мен балалар ортасында,
Ең бақытты адамның күйін кешсін!
Отбасының ұйтқысы — «Ана» дейді,
Бақыты үйдің, базары — «Бала» дейді.
Ал Әкелер Асқар тау, үй қамалы,
Шаңыраққа беретін дара күйді.
Жанұяда сыйластық, жылу болса,
«Күн күлімдеп, айы да толар» дейді.
Әр отбасы — өмірдің айнасы бұл,
«Ертеңгі күн тарих боп қалар» дейді.
Ластанбасын халайық, тарихымыз,
Ұрпағымыз шаттықпен табар үйді…!
1.12.2024 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇