Өлеңдер ✍️
ЖЕТІМ МҰҢЫ
Ісі ме екен тағдырдың жетім еткен?
Әлде бұйрық келді ме, жеті көктен?
Жалғыздыққа туа сала душар еткен,
Тағдырыма нала еді жетім өкпем.
Қасыреттің қарсы алған, шеті өктем,
Тумай жатып маңдайдан шертіп өткен.
Ақтарсам, бір жеңілдеп қалар ма екен?
Шемен болған іштегі шерді көптен.
Жемісін жер мәпелеп көкті еккен,
Қиыс қарап тағдырым көпті өпкен.
Арман қойып атымды жан анашым,
Тумай жатып итердің көкіректен.
Жас жүректі мұздатқан шілдеде тоң
Өтер жол бұл өмірде шіргелең жон.
Ана тілге тіл келмей қиналғанмын ,
Тұла бойға уызбен сіңбеген соң.
Таза ұстауға тырыстым пейілімді,
Жамандыққа итерсін мейір кімді.
Туған тілде ән тыңдап үйренгелі,
Сезімдемін тапқандай үйірімді.
Ер жеттім Алла беріп шапағатын,
Жол таңдадым биікке апаратын.
Бойға сіңген балбырап, әннен таптым,
Бере алмаған жан анам махаббатын.
Еркін Оралбайұлы 21.07.2018,
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇