Өлеңдер ✍️
ШЫНДЫҚ ДЕП
Ақын болсаң шырылда шындықты айтып,
Жасық екен демесін сынды тайқып.
Оңды-солды қылыштай тіліп сөйле,
Көрмейтіндей суырса қынды қайтып.
Жұрт тілейді ақыннан осындайды,
Деп сенеді шындықтан тосылмайды.
Қызыға оқып өлеңді баға беріп,
Жырласа деп күтетін тосын жайды.
Ақын жазар шындық пен қосып қайғы,
Қиыс кетсе ұйқас- сөз қосылмайды.
Əр сөз үшін сұралар ақыретте,
Жүрген дұрыс есте ұстап осы жайды.
Тимесін деп тілесең шеке тасқа,
Тіл тигізбе шындық деп жеке басқа.
Ойланып жаз əр сөзді, мəнді етіп,
Дəм келтіріп қосқандай шекер асқа.
Бола алмассың сен ақын дара қалып,
Сөз тамырын кеспегін ара алып.
Көзің жетпей шындықты айтамын деп,
Жүректерге жүрмегін жара салып.
Тұрса əдемі әр сөзде сəн ұялап,
Əдемі ой өрісін жон қиялап.
Шындық үшін қаралап жеке басты,
Күлкі болма жалған сөз жариялап.
Еркін Оралбайұлы 27.02.2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇