Өлеңдер ✍️

  23.02.2025
  75


Автор: Еркін Оралбай

БІЛІП ЖҮР ӨТКЕНІҢДІ

 


 


Шу асауды тезге салар жүгендеген,


Мойығанды қойша тізіп көгендеген.


Елдің ғана болашағы зор болады,


Өз тарихын зерттеп, біліп түгендеген.


     


Жатқа білер құран- кәрім қари сынды,


Біліп жүргін, түпкілікті тарихыңды.


Өткенінен хабары жоқ Ақордадан,


Көпті көрген қариялы қара үй құнды.


 


Ел-жер үшін ащы терін төккендерге,


Не істедік, баба қаны бөккен жерге?


Ғұламалар өзімізде қалмағандай,


Төл тарихты зертеттік біз бөтендерге.


     


Тырнақ асты қоқыс іздеп, былғанарға,


Бөлек ағар су сияқты жылғаларға.


Біздің "ұлы тарихшылар" әуре боп жүр,


Тіл тигізіп, тарихтағы тұлғаларға


 


Түркі елін көк бөріге ұқсатқан көп,


Батыр туар, қасиетті құрсақтан тек.


Кейбіреулер қуаныштан даурығып жүр,


Мағжанды да бір кісілер ұстатқан деп.


     


Архивтерде тұрғанымен дерек толып,


Дұрыс болар зерттей білсе зерек шолып.


Ұлыларға күйе жағып жүргендей ме?


Тарихтағы мәртебесі керек болып.


 


Өз кінәміз қатардан біз тұрсақ қалып,


Әлі жүрміз "жүн ауызға" қосақталып.


Күлтегіннен бері қарай зерттемей ме?


Жеке басты зерттегенше ұсақталып.


     


Деп жүргенде о, Тәңірім, көк табылды,


Көрші екенін көрсетті- ау көп қарымды.


Бұралқы иттей таласып жүргеніңде,


Көрші кетті иеленіп көкпарыңды.


 


Ел едің ғой, кішіреймес ділің текті,


Шұбарланып, құрдымға ол тілің кетті.


Отан түгіл, отауынан еркек аспай,


Абылайдың түсіндегі күнің жетті.


     


Мақтаныштан бұл тарихта мазағым көп,


Тартудамыз өткен күннің азабын тек.


Қалам алса руын ғана дәріптейді,


Азамат аз шырылдаған қазағым деп.


 


Ұлтшылдарым жүр жүрегі қан жылаған,


Өткізе алмай бар білгенін қалжыраған.


Бәрімізге білген дұрыс, болашағы,


Елдің болмас тарихынан ажыраған.


     


Еркін Оралбайұлы  28.12.2018.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу