Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
22.02.2025
273
Жақсылық та жамандық та өзіңе
Ілдебайлап күн көрген кедейлікпен,
Қысқа жібі күрмеуге келмей тіптен.
Жалғыз әйел тұратын жұпыны үйде,
Бар өмірі қайғымен күлмей өткен.
Шама келмей алуға тұрмыс түзеп,
Қайғы деген жолына сұм іс кез кеп.
Оралмаған ұзақ жыл ұлын күткен,
Басқа жаққа кеткеннен жұмыс іздеп.
Екі таба әр күні нан пісіріп,
Көрсетіп мұсылманға тән кісілік.
Терезеге біреуін қойып жүрді,
Жетім - жесір жесін деп хал түсініп.
Өтіп жатты осылай күндер желіп,
Әйел жаны қайғымен мүлде еріп.
Қойған нанды ертемен алып жүрді,
Бір қаңғыбас ақсақ шал күнде келіп.
Саубыңды дегендей ал түгелдеп,
Естіп жүрді жүргенде тал түбірлеп.
«Жамандық, жақсылық та өзіңе деп»,
Нанды аларда айтатын шал күбірлеп.
Тегін нанға көрініп үйренгені,
Күнде келді қайыршы, именбеді.
Бата орнына айтқаны сол бір шалдың,
Қарғыстай боп ашуға тиген еді.
Ашу - ыза кернеген ойын түйдек,
Ашу қысса демей ме, «мойын имек».
Таба нанға у қосып қоймақ болды,
Бір арам ой әйелдің бойын билеп.
Өз ісінен сол әйел шошып мүлде,
Өткендей боп санасын осып әлде.
Отқа тастап у нанды, деген оймен,
Болса қайтем балам да осы халде.
Адастыра жаздапты аза жанды,
Қателіктен қанша адам жазаланды.
Садақаның сауабы еске түсіп,
Қайта қойды сол жерге таза нанды.
Ырық берген сабырмен төзімге көп,
Ыстық жасы әйелдің көзіне кеп.
Ақсақ шалдан нан алған тағы естіді,
«Жамандық, жақсылық та өзіңе деп».
Түсінгенге шығар деп мұны құнды,
Ұлын ойлап қайғының мұңы тұнды.
Сол бір күні кешқұрым есік қағып,
Азып-тозған мүсәпір ұлы тұрды.
- Үйден кетіп ашылмай одан бағым,
Жұмыс таппай ауылға оралғанмын.
Ұрып, тонап бұзықтар кеткен еді,
Сол себепті анашым жоғалғанмын.
Естен танып жаттым көп ауық- ауық,
Ызғарлы түн, тұрғанды жаңбыр жауып.
Өлер едім сол түні қарамаса,
Қайыршы бір ақсақ шал тауып алып.
Міне отырмын қиындық көріп келіп,
Жан қиналып тірідей өліп көріп.
Бір таба нан ақсақ шал күнде әкеліп,
Асырады жартысын бөліп беріп.
Естігенде құлады естен танып,
Бар үміті тұрса да өшкен жанып.
Шошығанды ертемен ақсақ шалға,
У бермекші болғанын еске алып.
Салмақ түскен осылай арға мына,
Ұлын балап өмірдің жалғауына.
Ол өлтіре жаздапты жалғыз ұлын,
Бүгін түсіп шайтанның арбауына.
Адамға тән пенделік тағылғасын,
Болады екен арамдық жағы басым.
«Жақсылық, жамандық та бір өзіңе»,
Деген сөздің енді ұқты мағынасын.
3.07.2018ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇