Өлеңдер ✍️

  19.02.2025
  76


Автор: Жібек Ысқақова

АЙҒА ҚАРАП СІЗ ЖАЙЛЫ ҚИЯЛДАНАМ

Жұлдызымен сырласқан түндерім-ай,
Бірде шаттық, бірде мұң күндерім-ай!
Сезімімді мендегі сездіре алмай,
Іштен тынып амалсыз жүргенім-ай!
Тыңдасаңыз көп енді сізге айтарым,
Қалауы деп жүректің, сізді айтамын.
Пәк сезімім дем берсін өзіңізге,
Ғашық жүрек жеткізіп сізге айтарын!
Жырың боп түнде жарық күй берейін,
Жұлдыздай жарқыраған күйге енейін.
Ай сәулесі қалқыған айдын көлде,
Сұлулана аққудай тербелейін...!
Көңілің көтерілер толған айдай,
Жаныңызға өлең боп қонған қандай?!
Түнгі аспанның астында қалам алып,
Мен қалайша өтейін толғана алмай?!
Қараңғысын өмірдің жоқ етейін,
Көрікті айдың бейнесін көп етейін.
Сезімімен жаныңды тебірентер,
Әлдилейтін бесігің боп өтейін...!
Көтеріңкі күйің боп тіл қатамын,
Жүрегімнің лүпілін тыңдатамын.
Жанды ауыртар жағы көп болса-дағы,
Өзіңізді шынымен ұнатамын!
Демеңіз мына мені «ессіз екен»,
Махаббат ол білсеңіз «ессіз мекен».
Айға қарап сіз жайлы қиялданам,
Жаулап алған санамды көзсіз мекен..!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу