Өлеңдер ✍️
ЖОЛЫҚТЫҢ СЕН ЖОЛЫМНАН
(бейтаныс жанға)
Күйбең тірлік жанымды мұңайтқанда,
Бақыт іздеп, шаршаумен құр қайтқанда.
Жолықтың сен жолымнан бейтаныс жан,
Бұл жанымды ұғынып — сыр айтқанда...
Қара бұлттар басымнан үйрілгенде,
Іштей жылап, оттай боп күйінгенде.
Жолықтың сен жолымнан бейтаныс жан,
Бақытымды көрсетіп дүйімді елге!
Жалғыздықтың жүргенде құрсауында,
Демім жетпей шығарып үн салуға.
Жолықтың сен жолымнан бейтаныс жан,
Тынысымды кеңейтіп, күш алуға.
Жаздың ыстық күнінде тоңған кезде,
Көңілсіздік жадыма қонған кезде.
Жолықтың сен жолымнан бейтаныс жан,
Жанарымды жайнатып, солған кезде...
Айналамды басқанда қараңғылық,
Өткендей боп уақытым, жарамдылық.
Жолықтың сен жолымнан бейтаныс жан,
Жол көрсетіп басуға қадамды нық.
Рахмет саған, айтарым шын жүректен,
Әр күнімды маңызды, құнды еткен.
Жолың болсын әрдайым бейтаныс жан,
Күндеріңіз көп болып күлімдеткен...!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇