Өлеңдер ✍️
НАУРЫЗ АЙЫ ҒАЖАЙЫП
Наурыз айы есік ашты, қараңыз,
Жасыл-желек күйге еніп айнала.
Қызғалдақтар көз тартады қырдағы,
Алай-дүлей көңіліміз жайлана.
Наурызбенен келгендейін жаңа күн,
Арта түсті шаттығым мен бақытым.
Көңілімді менің кірбің шалмады,
Ауысса да кері қарай уақытым.
Салт-дәстүрдің күйі тербеп даламды,
Табиғатым күлімсіреп қарайды.
Ақ киімді алмастырып жасылға,
Наурыз келіп салды зәулім сарайды.
Бұл сарайдың ішінде бар киіз үй,
Жер анадан тұрғандайын нәр алып.
Наурыз-көктем бізге шуақ шашады,
Күн сәулесі саңлаулардан таралып.
Аналар мен арулардың мейрамы,
Жүректерге қуанышын сыйлайтын.
Наурыз айы бізде толы мереке,
Ырзығы мен несібесін жинайтын.
Наурыз-думан келер біздің жаңа жыл,
Теңесетін күніміз бен түніміз.
Құшақ жаяр сыйластықта кез осы,
Бақыт тілеп бірімізге-біріміз.
Таңғажайып осы менің наурызым,
Жанымызды жандандырған бұл көктем.
Араздықтар жол ашар татулыққа,
Мезгіл осы әрбір сәтті құнды еткен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter