27.03.2024
  402


Автор: Сұлтан Қалиұлы

Миллиард деген немене?

(Кішкене Анардың әңгімесі)
Тұрдық тағы ерте біз,
Ескерттік те анама,
Әкемменен екеуміз
Бардық шеберханаға.
Комбайндар тізіліп
Қатар-қатар тұр екен.
Қарай бердім қызығып,
Иелері кім екен?
Көп кешікпей табылды
Иелері бәрінің.
Болып шықты барлығы
Кісілері ауылдың.
Болды әкеме тиісті
Ең шеттегі комбайн.
Жөндеуге әкем кірісті,
Қағып қойып таңдайын.
Өтінбей-ақ болдым мен
Көмекшісі әкемнің.
Жәшігінен
Болты мен
Гайкаларын әпердім.
Табылды тез керегі,
Сол – қолымнан келгені.
«Бұл да болса – көмегі», –
Деп мақтады ел мені.
Комбайншы ағалар
Демалғанда бірауық,
Әкем маған:
– Бар,
Анар,
Келші, – деді, – су алып.
Жылдам барып бұлаққа,
Қайтып келсем,
Аулада
Барлық аға бір қартқа
Қарап отыр таңдана.
– Былтырғыдай биыл да
Болар ма екен миллиард?
Күшің жетсе жиюға,
Болады, – деп, күлді қарт.
Біле алмадым аты кім,
Атайды осы – көргенім.
Шелегімді ақырын
Қойдым,
Сөзін бөлмедім.
 Атай, Анар өткір қыз,
Бүтін бала бұл есі.
Осы болар деп жүрміз
Миллиардтың иесі...
Миллиардтың не екенін
Онша ұға қоймадым.
Кейінрек әкемнен
Сұрайын деп ойладым.
– Атай,
Осы Анарым
Тіл алғыш қыз, – деді әкем.
– Өркенді бол,
Қарағым,
Мандайыңды бері әкел.
Орынынан тұрды атай,
– Міне,
Мұның дұрыс, – деп.
Маңдайымнан сүйді атай,
Самайымнан иіскеп.
Ал ағалар шелекке
Бас қойып,
Көп су ішті.
Алғыс айтып көмекке,
Қайта іске кірісті.
Не сұрамақ болып ем,
Әкемнен мен әлгінде.
Таба алмадым оны мен,
Ұмытыппын бәрін де...
Ергеңіне егінге
Тұрды ағалар жиналып.
Әкем:
– Қазір,– деді де,
Келді мені үйге алып.
Көнбей қойдым бірақ мен,
Үйде қалғым келмеді.
– Барамын,– деп жылап ем,
Әкем ырық бермеді.
Қалдырдың-ау мені істен,
Не қыласың күнге еріп?!
– Ендеше, сен егістен
Әкелерсің гүл теріп.
– Мақұл, күнім, Анарым,
Уақыт бөлем сен үшін.
Осы болды талабым,
Осы болды келісім...
Күнде кешке
Мен оның
Жолын ылғи бағамын.
Бірақ, үйге келгенін
Көрмей ұйықтап қаламын.
Оянғанда тағы да,
Әкем жоқ боп шығады.
Есесіне жанымда
Бір шоқ гүлі тұрады.
Әкеме өкпем жоқ менің,
Орындалды тілегім.
Әкем келіп-кеткенін
Содан ғана білемін...
Балалармен ойнаймын,
Қызығы мол ауылдың.
Бірақ жиі ойлаймын,
Әкемді мен сағындым.
 Көп қараймын жол жаққа,
Тілеп күндіз келгенін.
Күнде бірге болсақ та,
Бір ай бойы көрмедім.
Көргім келіп жүр еді,
Әкем бүгін келді үйге.
Қайта-қайта сүйеді.
Ағамды да, мені де.
– Ура! – деді айғайлап,
Мені бір сәт көкке атып.
– Ұста, – деді, – абайлап, –
Анам әзер тоқтатып.
– Миллиард, тағы миллиард!
Қуанды ол балаша.
Немене бұл миллиард?
Түсінбедім мен онша.
Керді анам қабағын,
Қуаныш мол өңінде.
Қуанышы мамамның –
Қуанышым менің де.
Миллиард деген ендеше –
Бүгінгі осы куаныш.
Миллиард деген немесе
Мен шығармын тіл алғыш.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу