Тақпақтар ✍️
Нұралы мен құланы
Қасымда бар Нұралы,
Үй сыртында тұрғанда,
Салпаңдаған құлағы
Көзiм түстi құланға.
Желден жүйрiк бұл аңды
Көргем талай кинодан.
Өзi сондай ұнамды,
Қызығушы ем үйде оған.
Ендi жақын келiп мен,
Нұралыдан:
– Мынаның
Екi аяғын нелiктен
Байладың? – деп сұрадым.
– Тұрмайды ғой ол жынды,
Ағытылса-ақ тұсауы.
Ала бере көзiңдi,
Егiн жаққа ұшады.
Сондықтан да үнемi
Тұсауымен тұрады.
Жақын жерде жүредi, –
Дедi күлiп Нұралы.
– Шабатұғын алысқа
Жүйрiк шығар құланың?
– Иә, ылғи жарысқа
Қатынасып тұрамын.
Көкпарда
Сан додадан
Алып шықты бұл менi.
Арам тер боп көп адам,
Ала алмай жүр жүлденi.
Тұсауын ап Нұралы,
Сосын мiндi үстiне.
Былқ етпедi құланы,
Дауа бар ма күштiге?!
Күлiп қойды Нұралы:
– Жүйрiктiгiн көр ендi.
Тебiнiп қап құланды,
Құйғытып ол жөнелдi.
Мен мойнымды бұрғанша,
Ғайып болып жоғалды.
Көздi ашып-жұмғанша,
Қайтадан ол оралды.
Таңдайымды құр қағып
Қарап тұрмын,
Керемет!
Желаяқтар жиналып,
Жарысып бiр көрер ме ек?
Қутыңдады Нұралым:
– Мұның биiн көр ендi!
Арқасынан құланын
Нұқып қалды ол ендi.
Жынданғандай құланы
Табан асты тулады.
– Қара да тұр,
Бұл әлi
Төбесiмен тұрады!
Таңдана мен қарадым,
Шеберлiгi-ау, бұл, тегi:
Артқы қос аяғын
Қайта-қайта сiлтедi.
Жылмитып ап құлағын,
«Би билеп» ол жүр әлi.
Осы сәтте Нұралым
Омақаса құлады.
Жетiп бардым жүгiрiп,
Аяп, халiн сұрадым.
Үстiн қағып,
Жымиып
Түрегелдi Нұралым.
Қандырғандай құмарын,
Ызаның жоқ нышаны.
Ұстап алып құланын,
Қайтадан ол тұсады.
Көпке дейiн бiлмедiм,
Бiлмеппiн әу баста да,
Құланы деп жүргенiм –
Есек екен,
Масқара!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇