04.07.2023
153
Автор: Серікбай Оспанов
Үміт – үлкен ағайым...
Үміт – үлкен ағайым,
Ізет атты інім бар.
Мейірім де ағайын,
Хабарласып тұрыңдар.
Көңілім көл кімге де,
Сүйенішім көп менің.
Жақынмын мен Гүлге де,
Анашымдай көкте Күн.
Кіші ағайым – Кісілік,
Күлкі деген жиенім.
Жақын досым – Түсінік,
Әзілді де сүйемін.
Көлгірсуді көп білмен,
Артық айтсам ел кешсін.
Айда туған жоқпын мен,
Жерде тусаң жерлессің!
Бәріміз бір жаралдық,
Жақсылық, Ар – жақыным.
Жолдас Арман, Адалдық,
Әкем менің – Ақылым!
Жолдастыққа жараған,
Ұстар ту ғып шындықты,
Туысқаным – бар адам,
Туысқаным – кіл мықты!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook |
VK |
WhatsApp |
Telegram |
Twitter
Пікір жазу