Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  110


Автор: Серікбай Оспанов

Өмірдің сайыстарында

Өмірдің сайыстарында


Қабырғам қайысқанында,


Қол ұшын беріп жатады


Қаймана таныстарым да.


 


Қалайша батады ас маған,


Туыс па жан қараспаған?


Досым ба


Қиындықтарда


Жүгімді арқаласпаған?!


 


Не жетсін жақын барына,


Қараман алтындарыңа!


Ағайын, бар ғой бәрі енді,


Зәрумін ақылдарыңа!


 


Болсаңдар күнде хабардар,


Бұзылмас ірге қаланар.


Күтумен кеп қалар-ау деп,


Өтті ғой шілдеханалар.


 


Бал татып нан қара сумен,


Өсіп ек арқаласумен.


Жүдеп жүрсіңдер ме әлде


Ақша деп жанталасумен?!


 


Сыр айтып таңда қайыңдар,


Есіме салды, ағайындар.


Жат болып кеткеніміз бе,


Шынымен,  айналайындар?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу