Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  58


Автор: Серікбай Оспанов

Неге, неге мөлдірің лайланған...

Неге, неге мөлдірің лайланған,


Салқын самал неліктен ұрмайды алдан?!


Ақ бұлағым,


Төбеңде қыран жүр ме,


Сағынышым ол сені шыр айналған!


 


Ақ бұлағым, арының басылған ба,


Домалата алмайсың тасыңды алға?!


Сыңғыр-сыңғыр күлмесең жараспайды,


Ұқсайсың-ау менен сыр жасырғанға...


 


Жарасатын өзіңе тасқан қандай,


Жылап ағып жатырсың жасқанғандай.


Ақсаңшы алға арындап, ылайды алып,


Бірге кетсін жолыңда тастар қалмай.


 


Көңілдегі көктем мен жаз арманым,


Онсыз ойлы жырларды жаза алмадым.


Тазаруың керек қой қалай-дағы,


Тазарғаның –


Менің де тазарғаным!


 


Тазарғаның –


Менің де тазарғаным,


Арындап ақ!


Ойлама ажал барын!


Ақ бұлағым, өзіңсің ғазалдарым,


Тажалдарың – менің де тажалдарым!


 


Қарысып бақ,


Қарсы тұр зұламатқа,


Сусын боп жет сен елге,


Мына баққа!


Бүкіл әлем күлімдеп тұрған шақта,


Ақ бұлағым, әйтеуір жылап ақпа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу