Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  267


Автор: Серікбай Оспанов

Жалғыз әйел, жалғыз ұл

Күнім батып, қояр деген таң атпай,


Зуылдайды айы, жылы сағаттай.


Дөңгелентіп келе жатыр уақыт


Абыр-сабыр алды-артына қаратпай.


 


«Не істетпеді?!


Не қылмады бұл арақ?!» –


Дейді өткен күн көз алдына тұра қап.


Сосын қайта күйбеңіне кірісер


Күйеуіне ыза болып жылап ап.


 


Арадағы жалғанбай-ақ қойды үзік,


Ой – жұбаныш, ой – әзәзіл, ой – бұзық.


Түні бойы арпалысып жан мен тән,


Төсегінде дөңбекшиді бой қызып.


 


Титықтатты тағдырдың бұл сынағы,


Жалғыздыққа көндіге алмай жүр әлі!


Біресе ары, біресе ұлы мазалап,


Түні бойы кірпік ілмей шығады.


 


Тез жылайды –


Қазір сондай толқығыш,


Кеңесері – төрт қабырға, төрт бұрыш.


Күйеуінен айрылғалы, апыр-ай,


Төрт бұрыш та болып алды қорқыныш.


 


Өсек, шіркін, жүргізбейді тыныш та,


Бұл бір ісі дұрыс па әлде бұрыс па,


Ішкі сырын байқатпайды ешкімге


Өп-өтірік күлген болып жұмыста.


 


Араласпай кеткендей ме дос та көп...


Көкірегін өртейді өзі тастап өрт.


Пыш-пыштайды түк сезбейтін біреулер:


«Осы неме жүр дейсің бе босқа?!» деп.


 


Көзін сүзіп көрген емес басқаға,


«Ұят, ұят, ұят қой ол, масқара!»


Қызметінен шыға салып


Асығып


Жүгіреді ұлына – балабақшаға.


 


Жалғыз  бөлме – үйге қайта оралар,


Жұмыстағы жалған күлкі жоғалар...


Бай табылар,


Табылар-ау басқа да...


Ұлына кім туған әке бола алар?!


 


Отыр жалғыз қайғы-мұңы тарқамай,


Сұм тағдырдың тәлкегін-ай, қаталы-ай!


Келе жатыр пәк сәбиі – ұлы өсіп,


Өз әкесін папа деп бір атамай.


 


Қаншасы алда?


Артта біраз қалды жыл,


Жайнап өсіп тұрмайды ғой мәңгі гүл.


Медеті де, тілегі де қазіргі


Бақытты боп, бақытты еткей жалғыз ұл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу