Өлеңдер ✍️
Табиғатқа тағзым
Ештеңе жоқ сенде торға қамаулы,
Берді таңың көзімдегі алауды.
Ай бетінен көріп алғаш жазуды,
Жұлдыздардан үйренгенмін санауды.
Өстім ерке, өзіңдеймін- еркінмін,
Жастық шақта желіңе ұқсап желпіндім.
Алыс кетсем, ажырамай арамыз,
Сағыныш боп көз алдымда сен тұрдың.
Сен үйреттің түйсінуді, тануды,
Ойлануды,іздеп бәрін табуды.
Ою ойып тереземе аязда,
Көрсеткенсің қалай сурет салуды.
Бәрін-бәрін жайып салдың алдыма,
Түсінбесем сені өзімде бар кінә!
Деген де сен «бұлттай жөңкіп бет алды,
Жел айдаған қаңбаққа ұқсап қаңғыма?»
Кең даланың орман-тоғай, қырынан
Төгілдіріп не бір күй мен тұнық ән,
Ғашық етіп өнерге өзің
Үйреттің
Жұп болуды,
Айрылмауды жұбынан!
Дархандықты танытып сан жауды күн,
Сұлулықты көріп білдім тау гүлін.
Қиындыққа төзе білуді үйреттің,
Ізгілікке, іңкәрлікке баулыдың.
Үлгі-өнеге- көкейімде тұр бәрі,
Өшпес өмір сол күйінде-жыр бәрі!
Кеңдік сыйлап шетсіз- шексіз паң дала,
Биіктікке бастады тау шыңдары.
Анық сенде шаттық бары, мұң бары,
Сыңсып кейде сыр шертті ауыл құмдары.
Жігер беріп соққан содыр дауылың,
Буырқанған борандарың шыңдады.
Көрсетті алғаш тік тұруды жас шыбық,
Арайланған таң шапағы шашты үміт.
Сен үйреттің жасауды елге қайырым,
Сен үйреттің жасауды елге жақсылық.
Аңның, құстың, жәндіктердің, Адамның
Бәрін- бәрін алаламайды адал Күн.
Жаралдым да Күннен, нұрдан, табиғат,
Емшегіңді еміп өстім, нәр алдым!
Өнбойымда өзің берген жалын жүр,
Мен есейдім сен туралы жазып жыр.
Бір күндері топырағыңа сіңемін,
Тәнім де бір,
Өзіңменен жаным бір!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇