Әңгімелер ✍️
ҚОҚАНДАҒЫ ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН
Кеңес үкіметі Мұстафа Шоқай басқаратын ұлттық үкіметті «жөргегінде тұншықтыруды» көздеді. Өйткені жан-жақпен байланыс орнатып,күш жинап,бел ала бастаған ұлттық үкімет,расын айтқанда, большевиктердің Түркістандағы ең басты қарсыласы еді. Сондықтан Ташкенттегі Кеңес үкіметі 30–31 қаңтарда өткен өлкелік құрылтайында Түркістан автономиясын күштеп таратып жіберу ту-ралы шешім қабылдады. Осылайша қызыл гвардияшылар «Даш-накцутян» атты армян ұлтшылдарынан жасақталған қарулы топпен күшейтіліп, Қоқанға жөнелтілді. Іс насырға шаба бастады. Арандату
әрекеттері жиілеп кетті.
Қоқанға орналасып алып, жергілікті халықты бір-біріне айдап са-лып, орыстар мен армяндарды көтеріліске шығуға итермелеп, оны-мен қоймай Ташкенттегі үкіметке Қоқанды толықтай басып алу тура-лы ұсыныс түсіріп жүрген жергілікті ревкоммен жасалған келіссөздер пайда бермеді. Автономияшылар ақпан айының 11-нен 12-сіне қараған түнде Қоқандағы билікті толық қолға алуға тырысқанымен, үлкен қарсылыққа тап болды. Телефон және телеграф арқылы Таш-кентке хабар жеткізген Қоқан ревкомы, орталықтан жедел түрде жәрдем келуін талап етті.Сол-ақ екен,сол күннің ертесіне Ферғанадан К. Осипов басшылығында 4 зеңбірек, 4 пулемет және басқадай қарулармен қаруланған 140 кісілік қызыл әскер жасағы жолға шықты. Бұл кезде Мұстафа мен қаладағы үкімет мүшелері үшін тағы бір шешімі қиын мәселе туындаған еді. Шаһардағы «Улема жамиғаты» қоғамының адамдары мен қадымшылдардың ықпалындағы Ергеш жасақ жинап, соғысқа дайындалып жатты. Қоқанға қызыл әскер жасақтары таяп келген осы бір қысылтаяң кезеңде ол ұлттық үкіметпен санаспай, өз бетінше әрекет етуге көшті. Ал соғыс өрті тұтанып,қақтығыс бола қалған жағдайда бұдан ең көп қаланың бейбіт тұрғындары жапа шегетін еді. Мұстафа мұны білді.
Әркезде мәселенің бейбіт жолмен шешілуін жақтайтын Мұстафа қаланың қирап, қан төгіліп, жазықсыз жандардың жапа шегуін қаламады. Әйтсе де, оқиғалар оның қалауынша өрбімеді. Орталықтан көмектің келе жатқанын естіген жергілікті ревком мүшелері,13 ақпан күні Мұстафа Шоқай басшылығындағы үкіметке елші жіберіп,күндізгі сағат үшке дейін ұлттық әскерді таратып, олардың қару-жарағын тап-сыру туралы шарт қойды. Үкімет үйінен жауап келмегеннен кейін, Қоқан ревкомы автономияшыларды тұтқындау туралы бұйрық шығарды.
Қала халқын аман алып қалу үшін Мұстафа Қоқан ревкомымен келісімге келудің жолдарын қарастырып бақты. Тіпті ұсынылған келісім-шарттардың арасында қаланы бірігіп басқару туралы да ұсыныс бар еді. Бұл ұсыныс бойынша, Мұстафа мен серіктері демократиялық негіздерге жүгінуді талап етті. Ақпанның 14–18 күндері арасында келіссөздер жалғаса берді.
Ақпан айының 18-нен 19-на қараған түні Түркістан өлкелік әскери комиссары Е.Л. Перфильевтің басшылығындағы қызыл ар-мия жасақтары Ферғанадан жеткен әскермен бірігіп, Қоқан қаласын қоршап алды.Оларға әсіреұлтшыл армян дашнақ жасақтары қосылды. Ал бұл кезде Ергешті хан көтерген қадымшылар Мұстафа Шоқай басшылығындағы үкіметті мойындамай, большевиктермен соғысуға бекініп алған еді. Желбуаз сөзге еріп, елірген жергілікті тұрғындар: «Енді сарт заманы болып қалды. Ергешті хан көтереміз. Ферғанада сарттардан басқа жан қалдырмаймыз. Қазақ пен большевиктің ешбір парқы жоқ. Ноғай болса, ол мұсылман емес. Себебі Қоқанда бір ноғай мұғалімнің аяғын Құбылаға беріп бала оқытып жатқанын көрдік», — деп үрген местей күмпиіп, сарттан басқа жанның бәрін қырып жібермекке бел байлап, қолдарына түскен қаруларды алып, көшеге шығып кеткен еді.
Екі жақ қауқылдасып, ұран шақырып, алда болмай қоймайтын соғысқа дайындалып жатты. Мұстафа мен үкімет мүшелері істің ақырын күтті. Қызылдар жағы шабуылға шықпай тұрып, бір елшісін үкімет мүшелеріне жіберіп, Мұстафа Шоқайдың Қоқандағы әскери ревкомға берілуін талап етті. Мұстафа Шоқай елшіні үкімет мүшелерінің жанында қабылдап, оған «Қызылдар жағы атыс бастамай, басшыларын біздің ұлттық орталығымызға тапсырса, мен де Қоқан әскери төңкеріс комитетіне «аманат» ретінде берілуге дайын-мын» деп, жауап берді.
Қаланы толық қоршап алған қызылдар,19 ақпан (ескіше 31 қаңтар) күні сағат 11.20-да үкімет үйіне келіп, ультиматум қойды. Сазанов арқылы жіберген ультиматумда большевиктер: 1. Автономиялы үкіметтің кеңес үкіметін толық мойындауын; 2.Түркістан халықтарын Кеңес өкіметіне бағынуға шақыратын мәлімдеме жасауын; 3. Тұрғындарды түпкілікті қарусыздандырып, халықтың қолындағы бар қаруды большевиктерге тапсыруын; 4. Ұлттық үкіметтің мили-ция органын таратуын және басқа да талаптар қойған екен. Мұстафа Шоқай бұл талаптармен танысып шыққаннан кейін оларға: «Сіздерде күш басым. Бізде әзірше өзіміздің ұлттық құқымызды танудан басқа күш жоқ. Бұл күресте бізді жеңетіндеріңіз даусыз. Әйтсе де сіздердің әкімшілік құқыңызды мойындамаймыз, Түркістанда Кеңес өкіметін мойындаудан бас тартамыз» деп жауап берді. Елшілер кетіп қалды.
Бірнеше күннен бері тығырықтан шығар жол іздеп сарсылған Мұстафа Шоқай,өзге үкіметмүшелерімен «Шура-и ислам» үйіне жина-лып,ақырын күтіп отырды.Сағат күндізгі 12-лердің шамасы болатын. Кенетсырттан тасыр-тасыр атылған мылтықтың даусы шықты.Сол-ақ екен,мылтық даусы үдей түсті.Атысты бастаған қызыл әскерлер жағы екен. Бұны естіген үкімет мүшелері бір сәт абдырып, тұрып қалды: большевиктердің бұл ісі өздерінің ултиматумында қойған шартнама-сына қайшы келетін еді. Олар мәміле шарттарын кеңесуге үш сағат мерзім белгілеген болатын, ал бұл мерзімнің уақыты екіден 20 минөт өткенде ғана бітетін еді. Бұл — сертті бұзу деген сөз. Большевик-тер алдап соқты. Енді қарап отыруға болмайды. Қызыл әскерлердің шаһарға қарап оқ атқанын көрген қала тұрғындары да бұл кезде қолдарына түскен қаруларын алып, көшеге шығып кетті. Соның ал-дында ғана үкімет мүшелерінің: «большевиктерге қарсы қару-жарақ алып шықпаңдар,оқ атпаңдар.Әлі де болса мәмілеге келерміз»,—де-ген сөзінің енді ешқандай үкімі қалмады. Атыс басталып кетті. Әркім өз басымен болып, шаһарда ерсілі қарсылы бейберекет жүгіргендер көбея түсті. Енді мылтық даусына зіркілдеген зеңбірек үні қосылды. Сол мезетте аспан айналып жерге түскендей, қалаға қиямет орнады. Шыңғырған дауыстар, әлдекімнен көмек сұраған жалынышты үндер бір-бірімен араласып, үдей түсті.
Сол кезде үкімет үйінде отырған Абдурахман Оразаев, Хидает бек Юргилиев және Мирадил Мырзахметовпен бірге жүгіре басып сыртқа шыққан Мұстафаның қолы тыз ете қалды. Қолына оқ тигенін аңғарғанымен, ол ет қызумен оны елең қылмай, ұрыс салып жатқан әскердің жанына барғысы келді.Бірақ Мұстафа ойға алғанын іске асы-рып үлгерген жоқ, жанына бір кісі жақындап келіп, қалқалаған күйі шетке ығыстыра берді. Бірден аңғарды: Қоқан әскеріне басшылық жасап жүретін поляк офицерінің бірі Юноша Гзовский екен. Ол «бері жүріңіз» дегендей, Мұстафаның қолынан ұстаған күйі жол бастады.
Әуелгіде Мұстафа шаһарды тастап шыққысы келмеген еді. Деген-мен,бұл кезде қалада қалу өте қауіпті болатын.Сондықтан өзге үкімет мүшелері де қаладан тез шығып кетуге әрекет жасап жатқан болатын. Ал кімнің қайда барып тоқтары, кімді паналары және енді қашан, қай жерде, қайтіп бас қосары үкімет мүшелерінің ешқайсысына аян емес еді.Мәжілісте бұл туралы сөз де болған жоқ.Уәделерінде тұрмай, тұтқиылдан шабуыл бастап жіберген қызыл әскерлер оған мұрша да бермеген еді.
Көзге түсіп қалмас үшін үкімет мүшелері жеке-жеке кетуді жөн деп тапты. Мұстафа да жалғыз кетпек еді, поляк офицері оның қауіпсіздігін сақтау үшін соңынан еріп отырды. Олар үй-үйдің арасы-мен өтіп, мазар арқылы қаланың шетіне ілікті. Әрі қарай сарттардың қышлақтары. Қышлақтарда бірге жүрудің қауіптілігін сезген серігі, Мұстафаны осы жерден аттандырып салды.
Қоқаннан аман-есен шыққан Мұстафа Шоқай шаһар маңындағы қышлақтарда бірнеше күн жүрді. Барар жері белгісіз болған соң, «Қоқандағы соғыс басылғанша, өзіміздің сарттардың ішінде қауіп-қатерден жырақ жүре тұрамын» деген оймен ол бір қышлақтан келесі қышлаққа өтіп, уақыт өткізе берді. Осы бірнеше күннің ішінде ол дос тұрмақ дұшпанның басына тілеуге болмайтын ауыртпалықтарға кез болып, бірнеше мәрте өлім аузынан қалды. Соңына түскен боль-шевиктерден қашып, пана сұрап келген ағайын арасында Мұстафа жалғыздықтан жапа шегіп, Тәңіріне мұңын шақты.
Қоқаннан шыққаннан кейін Мұстафа бір аптадай Гаухана де-ген қышлақта Мосыхан қажының үйінде уақытша жасырынып жат-ты. Мосыхан қажы бүкіл Ферғанаға әйгілі ишан болатын. Ол Мұстафа Шоқайдың да жақсы танысы еді.Дегенмен бір жерде ұзақ уақыт қалуға болмайтынын ескерген Шоқай, 7-ақпан күні ишанның ғалым баласы Ғұмархантөремен бірге Елеш қышлағының үстін басып өтіп,Құмбасты қышлағына келді. Жолдасы — атты, Мұстафа — жаяу: жергілікті тұрғындаржалдапмінугекөлікбермеді.Үстіндегікигенкиімдері—сарт киімдері: аяғында—кебіс-мәсі,үсте—ала шапан,баста—ақ сәлде...
Құмбастыға келген жерде шетінен қару-жарақ асынған 20 шақты сарттар келіп, Шоқайды шап беріп ұстап алды.
— Һә, сен кімсің? — Мұсылманмын.
— Қайсы мұсылмансың? — Қазақпын.
— Қазақ қашаннан бұ иақ мұсылман? — Әлімсақтан бері мұсылман.
— Шу қазақтың мұсылмандығына біздің шәкіміз бар.
— Сендердің шәктерің болса, біздің қазақтың шаһиды бар. — Шаһиды нимә? Қаны, айтын!
— Шаһиды — шиш кәлима дүния (Бұл шиш кәлима дүнияны) Мұстафаға бастан-аяқ түгел айтқызып шықты. Жас күнінде жаттап алғандарының ұмытылмағаны мұндай абырой болар ма?
Осындай тергеуден өткеніне қарамай, Мұстафаның мұсылман екендігіне анық сенбей, сарттар тұс-тұстан анталап, ол жер-бұл жерін шұқылап,мұсылманшылықтың көзге көрінетін тұстарын іздеп бақты. Сол уақытта қасында бір жетіден бері жолдас болған Ғұмархан төре ат үстінде маңқиып,тамаша қылып тұрғаннан басқаша ешбір жәрдем көрсете алмады. Ол бүкіл Ферғанаға аты жайылған ишанның бала-сы болғандықтан, Мұстафаға жәрдем қылайын десе, бір ауыз сөзі де жетіп жатыр еді. Алайда ол біраздан кейін атын борбайға бір салып, «шуу» деп жүріп кетті.
Сарттар Мұстафаның мұсылмандық жағынан ешбір кінә таба алмаған соң:
— Сен қазақ бұл жақта нағып жүрсің? —деп сұрады.
Өтірік қоспай, жайын айтқан Мұстафаға сарттар сене қоймады.
— Мосыхан қажы ишанның үйінде жатқаның рас болса, оның ба-ласы сені неге тастап кетеді? —дейді сарттар.
Олардың бұл сауалына Мұстафа не деп жауап берерін білмеді. Ра-сында әлгінде ғана Ғұмархан төре мұны тастап жөнеп кетті ғой. Енді сарттар оны осы жерден ұстады. «Бәрібір бұл кім болса, ол болсын, қайдан шықса, одан шықсын — әйтеуір сарт емес екендігі ақиқат. Онан өзі де танбайды.Мұны өлтіру керек.Енді заман сарттардікі.Бізге қазақ та бір, болшеуик те бір», — деп, қолынан жетектеп, қышлақтың шетіне қарай, көшеменен «Қазақ ұстадық!» деп айқайлап, тұс-тұстан адам шақырып, ала жөнелді.
Мұстафаны өлтіруге жиналған адам санының ұзын-ырғасы 70– 80-дей болды. Бәрінің қолдарында қарулары бар: мылтық, қанжар, пышақ, келтек, сота, шоқпар... Ақырында өлтіреміз ғой деп сарттар ұрып-соғып,әуре де болған жоқ.Мұстафаны екі көшенің айырылатын жерінде үлкен бір ағаштың түбіне отырғызған сарттар оны өлтірудің жабдығына кірісе бастады. Олардың ниеті — Мұстафаны екі аяғынан ағашқа асып қойып, атып өлтірмек.
Екі қолы артына таңулы, екі көзі байлаулы, мойнына қара қайыстан тұзақ ілінген Мұстафа ажалын күтіп отырды. Онда тура-лап келген бұл өлімнен құтыламын деген ой да болған жоқ, тілін кәлимаға келтіріп, иманын үйіре бастады. Осы сәтте ешкім күтпеген бір оқиға болды. Құдайдың ғажап құдіретіне күмән келтіруге бол-майды. Енді асамыз деп даярланып отырғанда, бір сарт келіп: «Сен-дер мұны қазақ дейсіңдер. Қазақтың да неше түрлісі болады. Бұл өзі қандай қазақ екен, көрейік» — деп, Мұстафаның көзін шешкізді. Онымен қоймай, көзін шешкен соң: «Ассалаумағалейкум, Мұстафа әфенді!» — деп, жалма-жан байлаулы қолын босата бастады. Екі көзі жасқа толып, тұзақты пышақпен қиып жіберіп, отырған орнынан тұрғызып, өзге сарттарға тұтқынның кім екенін баян қылып, ұзақ сөйледі. Майданға алынып, жолда ғаріп болып жүргенде Петерборда Мұстафаға кез болып, одан жол қаражат алып еліне қайтқан бұл сарт Шоқайдың Петербор мен Түркістанда жасаған істеріне де сырттай қанық екен. Өзінің сөзінде ол бұл жайынан да айтып өтті. Осылай-ша Мұстафаның кім екенін аз-кем біліп, құлағдар болған сарттар оны өздері өлтірмей, Қоқандағы Ергештің алдына жібермекші бо-лып, шаһарға бара жатқан адамдардың біреуінің артына мінгестіріп, жөнелтіп салды.
Айдалған тұтқынның кейпінде Құмбастыдан шығып, Елеш қышлағын басып өткен Мұстафаны Гауханаға жетер жолда қарулы үш сарт күтіп алды. Бөтен адамның ықтиярсыз түрде шаһарға айда-лып бара жатқанын білген соң, олар көп сөзге келмеді, Мұстафаны атып өлтірмекші болды. Аттан түсірді. Жар басына отырғызды. Бұл оқтан енді оны кім құтқарады? Мұстафа көзін жұмды. Қанша ғұмыр сүрді. Бар болғаны жиырма жетіде. Үйленіп те үлгермеді. Жанында арулап жерлейтін жолдасы да жоқ. Туған жердің бір уыс топырағы да бұйырмайтын болды. Бастаған істері бар, аяқсыз қалып барады. Әп-сәтте шым-шытырық ойлар қаумалап алды. Сосын тілін кәлимаға келтірді. Иманын бекітті. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Осылай тағдырға толық бойсұнған Мұстафа әлгілердің даурықпа сөздеріне құлақ тосты.Уақыттым ұзап кеткендей көрінді оған.Бір кезде мылтық тарс ете қалды. Құдай сақтады — оқ тимей зу етіп, жанап кетті. Со-нан соң сарттар: «Бедбақтың бақыты бар екен!» — деп қайтадан атқа мінгестіріп, жөнелтіп жіберді.
Алла оның жанын сақтап қалды.Мұстафа өзінің қазір өлмейтініне, әлі татар дәмі, атқарар ісі бар екеніне толық сенді.
Гауханаға жеткен жерде Қайнар қышлағының болысы Жетімқұл Мұхамметқұлоғлы кез бола кетті. Ол Шоқайды бұрыннан таниды екен. Жайынсұрапбілгенсоң,жанындағыалыпкележатқансарттарғаұрсып, «өздеріңді атып өлтіремін» деп ашуланып, оларды қуып жіберді. Осы-лайша,Жетімқұл болыс Мұстафаны өз үйіне алып барып,қонақ қылды. Көп ұзамай Қоқандағы соғыс тоқтады. Ергеш қашып кетіп, шаһар большевиктердің қолына өтті деген хабар келді.Сонан соң «сартзама-ны» жоғалғанын сезіп, сарттар ішінен желі шығып, солған қарындай
жым болды.
Ал бұл уақыт аралығында Қоқанда қанды қырғын болған еді. Қызылдар салған сұмдық сойқаннан кейін Қоқан қаласы қынадай қырылған адамдардың жансыз өлігіне толып, үлкен молаға айнал-ды. Қоқан қаласы қиратылды. Шаһар отқа оранды. Қайғының қара бұлты күннің көзін көлегейлеп, қаланың үстінде құзғындар ойнақ салды. Үлкен үйіндіге айналған шаһарда он мыңнан астам адам өлді. Үкімет мүшелерінің арасында жүріп қанды қырғынды көзімен көрген қазақтың біртуар ұлы, Мұстафаның үзеңгілес жолдасы Хайретдин Болғанбаев осы оқиғаға байланысты сезімін былайша жеткізді:
«31 ғинуардан 10 февралға шейінгі күндер Түркістан халқының есінен өмірінде шықпас. Ол күндерде адам-хайуан өзінің бет аузын Түркістан халқына ашық көрсетті.
Ол күндер — Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазыла-тын күндер. Адам пішінді жыртқыштардың ол күндерде Қоқандық көшелерінде істеген сұмдықтарын естігенде денең түршігіп, қаның мұздайды. Жүгені сыпырылып, мейірімі кеткен, аузы көпіріп, көзі қызарған адам-хайуан Қоқандық көшелерінде құтырған қасқырдай кәріні, жасты, еркекті, әйелді талғамай қырған күндер — ол күндер.
Топ пулемет оғымен жалғыз хүкімет әскерлерін ғана емес, бәлки неше мыңдаған обалсыз, бейбіт халықты қамыстай жапырып, бүкіл Қоқандық шаһарының күлін көкке ұшырған күндер — ол күндер.
Тозаңдай күнәсі жоқ есепсіз мұсылман халқының қаны судай ша-шылып, жаңа ғана қайтып, өсіп келе жатқан бостандық гүлінің адам пішінді жыртқыштар табанында тапталған күндер — ол күндер.
Япырмай, осы сықылды үлкен масқара зор сұмдық күндерін де Түркістан халқы бір уақыт ұмытар ма екен?!
Жоқ! Мың қабат жоқ!
Неше бүгін сүйегіне құлдық сіңіп, тамырына ірің толса да, бұл күндерді ұмыта қоймас!...
Тым болмаса, неше мыңдаған сәбилердің күнәсіз ыстық қандары мен кірсіз, таза аруақтары ұмыттырмас!
Тым болмаса өмірінде бет ауыздарын күннен басқа жан көрмеген мұсылман әйелдерінің сүттен аппақ намыстары бұл күндерді ұмыттырмас!
Осындай сұмдықтарды көргенде де халықтың қаны неғып бір тұтанбай кетеді? Бұл сықылды масқаралыққа шыдап та мұсылман рухы қалайша қысылып жата береді?
Адамзаттың ең қасиетті құқықтарын таптап, күнәсіз қанын су-дай шашқан бұл сұмдықты не деп айтуға сөз таба алмаймын.Мен түгіл бұл масқаралықты жазбақшы болған тарихшы да оған ұнамды ат қоя алмас.
Бұршақтай жауған пулемет оқтары астында тұла бойлары қалш-қалш етіп, екі көздері білеудей болып, құлындаған даусы құраққа шығып шыңғырған жас сәбилердің көргендерін тіл күрмелмей кім сөйлер алар?! Құшағына баласын қысып,екі көзі ұясынан шығып,қайда тығыларын біле алмай, дуалдан дуалға секіріп жүрген мұсылман әйелдерінің
сүйреттерін қол қалтырамай кім сала алар?!
Көкірегіне шынжыр күйдірілгендей аяқ-қолдары тәлтіректеген, аппақ бастары селкілдеген сорлы кемпір-шалдардың тірідей орға тасталғанын жүрегі сескенбей кім жаза алар?!
Жоқ, бұларды ешкім жаза алмас. Бұларды жазуға сол адам пішінді жыртқыштар сықылды жыртқыш болу керек.
...Аһ! Айнала қан сасиды!
Енді мен бұл қанды көріп бұрынғыдай тоң болып қала алмаймын.Бұл қан мені ұйықтатпайды.Бұл қан көз алдымда тұрғанда қалың мақталы дүрия көрпені жылы жамылып жата алмаймын. Тұншықтырады... түсіме енеді.
Адам пішінді жыртқыштардың тұла бойлары қан сасиды! Олардың қолына жұққан мұсылман қаны әлі кепкен жоқ. Біздің ұлтын сатып, дінінен безген бұралқылар солардың қолдарын қысып, ауыздарын сүйіп жүр-ау!».
Хайретдин Болғанбаевтың «Тұла бойлары қан сасиды» атты бұл мақаласы «Бірлік туы» газетінде жарық көрді. Мақаланы тебіренбей, тұла бойың түршікпей оқу мүмкін емес. Мұстафа да тебіренді. Опат болған бейкүнә жандарға,періштедей сәбилерге,қауқарсыз қарттарға, шахит болған арыстарға дұға бағыштады. Жүрегі қан жылап тұрып, большевиктерге лағынет айтты.
Шабуыл кезінде қаланы зеңбірекпен атқылаған қызыл әскерлер әуеден бомбалау үшін ұшақ та қолданыпты. Қарша жауған бом-ба мен зіркілдеген зеңбірек оғының астында қалған қаланың ба-сты ғимараттары, соның ішінде үкімет үйі, орталық аурухана және баспа үйі жанып кетіпті. Қираған ғимараттарда қисап жоқ: 11 000 үй, 37 мешіт, 19 медресе және қаншама мектептер, банктер, магазиндер, сауда үйлері мен ұсақ дүкендер күлге айналған. Өлгендердің саны белгісіз. «Ұлығ Түркістан» газеті он мыңнан астам мұсылманның шәйіт болғанын жазды. Сондай-ақ, үкімет мүшелерінен 30 кісі тұтқындалыпты. Олардың біразын большевиктер сотсыз, үкімсіз та-бан астында атып тастаған. Атыс басталғанда жанында болған жақын жолдастары Хидает бек Юргилиев пен Мирадил Мырзахметовтың да қолға түсіп, азаптап өлтірілгенін естіген Мұстафа көзіне жас алды.
Опасыздық жасап, айтылған сертте тұрмаған, сөйтіп жазықсыз жұртты жапырып салған большевиктерге бұдан кейін қайтіп сенерсің? Жоқ, олармен ымыраға әсте келуге болмайды. Бірақ Түркістанның болашағы үшін, қойша қырылып жатқан халық үшін тактикалық шегініс жасамасқа тағы болмайды. Не істеу керек?
Жасырын жолдармен Ташкентке келгеннен кейін Мұстафа пікірлес жолдастарымен астыртын кездесіп, келешек күрестің бағдарламасын жасады. Ұлттық орталық мүшелері қызылдар мен ақтарға қарсы ортақ үгіт-насихат орталығын құруды Мұстафа Шоқайға жүктеді. Олар ақылдаса отырып, Түркістан ұлтшылдарының басылымы «Ұлығ Түркістан» газетінде Түркістанның шынайы патриоттарына арналған үндеу-мақала жариялады.Аталмыш газеттің 1918 жылы 7 наурыз күні жарық көрген №67 санында басылған «Бүгінгі міндеттеріміз» деп аталатын мақала Қоқандағы жайттан кейін Түркістандағы жағдайдың мүлде ауырлай түскенін, халықтың қуғын көріп, жазықсыз жұрттың аштан қырылғанын баяндай келе, елінің ертеңіне алаңдайтын ойлы азаматтарды ұйымдасып, жаңа үкіметке мүше болуға, осылайша ұлы Түркістанның тағдырына араша түсуге шақырды.Мақалада былай деп жазылған еді: «Түркістан мұсылмандарының үміт артқан ұлт мәжілісі мен уақытша Түркістан үкіметі асқан озбырлықпен күштеп таратыл-ды» — деп басталатын мақала былайша ой өрбітеді: «мұсылманның большевик яки интернационал болуы әбден мүмкін.Өйткені,қазіргі кез-де билік басында отырғандардың барлығы да большевик емес. Олардың арасында социал-революционерлер, солшыл демократтар, интер-националдар, максималистер сияқты көптеген саяси көзқарастағы тұлғалар бар. Бұлар алдарына жалпы жұмысшылар мен дихандардың, шаруалардың пайдасы үшін күресуді міндет етіп алған.Біздің мұсылман өкілдерінің бұл іске аз араласуы себепті мұсылман жұмысшылары мен дихандарының пайдасын ойлап жатқан тиісті тұлғалар жоққа тән. Кембағал, кедей, аш адамдар үшін елімізде күн сайын мал-мүлік милли-ондап жиналып жатқан тұста Ташкент көшелерінің өзі аш-жалаңаш адамдардан аяқ алып жүргісіз. Ауылдар мен қалаларда аштықтан ісіп өлгендердің саны қисапсыз....Міне,осындай жайттарды ойлаған сәтте мүшкіл хәліміз үшін екі көзге мөлтілдеп жас келеді.
Енді өткен іске салауат айту керек. Бұдан кейін ондай жағдай бол-масын деп тілейік. Бұл үшін біздің демократ, халық қамын ойлай-тын жастарымыз бен жұмысшы-шаруа өкілдері жиналып, бас қосып, өздерінің ұйымдарын құрып һәм осы ұйымдардың атынан кісілер сайлап, бүгін билік басында отырған үкіметтің құрамына кірсе екен...
Қазіргі ахуал шынында қиындап, күн өткен сайын ауырлап барады. Егер бұл жағдайда ұйықтап жата беретін болсақ, бармақ тістеп, ұзақ уақытқа дейін өкінуге тура келеді».
Қоқандағы үкіметті жоқтап отыра беуге болмайтынын жете сезінген Мұстафа мен достары, ең әуелі Түркістан халқын осы ала-сапыраннан аман сақтап қалуды басты мақсат етіп алды. Өйткені халықтың басына бұл кезеңде екі алапат төніп тұрған еді. Ел ішінде аштан қырылып жатқан адам санында қисап жоқ; Жетісу мен Сыр-дария облыстарынан жеткен хабарлар болса, тіпті кісі шошытарлық болатын. Қала көшелері алыс жолдан шаршап келіп, әбден титықтап, аштықтан өліп қалған адамдардың өліктерінен аяқ алып жүргісіз еді. Ал Ташкентке бекініп,орнығып алған,құрамында бірде-бір жергілікті ұлтөкілі жоқ большевиктер үкіметі бұл жайтты қаперіне де алмайтын. Сонымен қатар, Ферғанада қолына қару алып күреске шыққан халық та мұздай қаруланған үкімет әскерінің алдында дәрменсіздік таны-тып, қынадай қырылып жатты. Өйткені екі жақтың күші тең емес еді. Большевиктер тарапынан «басмашы» деп атқойылып,айдар тағылған ұлт-азаттық қозғалысының 1916 жылғы көтеріліс кезіндей басылып-жанышталуы мүмкін еді. Оның үстіне, жақсы ұйымдаспаған, қарусыз тобырды басқарып жүрген қорбашылардың да белгілі стратегиялық бағыты, ұстанымы жоқ еді. Олардың арасында жәдитшілдер мен большевиктерді айырып қарамайтын, ымырасыз қадымшыл қорбашылармен бірге, «елді кім басқарса ол басқарсын, шариғат заңдарын мойындаса — болғаны» деген пікірде жүрген шолақ ойлы, қарадүрсін басшылар да аз емес-тін. Ал мұндай қозғалыс халыққа тәуелсіздік әкеліп берудің орнына, елді текке арандатып, қанды қырғынға ұшыратуы әбден мүмкін еді. Мұстафа мұны қышлақтарда өмір мен өлім арасында өткізген он күннің ішінде жақсы ұғынған еді. Ташкентте одан әрі қала беру өте қатерлі еді. Өйткені Мұстафаны Түркістандағы «басты дұшпаны» деп есептеген большевиктер, одан ерекше қауіптеніп, көзін жоюдың амалын қарастырып жатқан бо-латын. Ташкентке келіп, Ұлттық орталыққа қайта басшылық жасай бастағанын естіген үкімет,Шоқайды жан-жақтан іздестіріп,Түркістан үкіметінің бұрынғы басшысының басын әкелген адамға мың рубль беруге уәде беріп, жалпақ жұртқа жария салған болатын. Сондықтан Мұстафа Шоқай аты-жөнін өзгертіп, киімін ауыстырып, жасырынып жүрді. Мұстафаның жеке басының қауіпсіздігіне алаңдаған доста-ры оған генерал Еникеевтің үйіне барып тұруын ұсынды. Бұл жер расында қауіпсіз болатын. Мұстафа мұны мақұл көрді. Оның үстіне, Мұстафаның мұнда тұратын ескі бір танысы бар еді.Осыны ойлағанда оның жүрегі бір түрлі болып, тулап, бұлқына дүрсілдеп, соғуын жиілетіп кетті...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇