Өлеңдер ✍️

  10.02.2023
  260


Автор: Жұлдыз Молдағалиева

Ертең махаббаттың....

ертең махаббаттың жаназасын шығарамыз...
ертең күн суық болады...
автобус іші...
трамвайдың... мекеменің де...
жаураймын ба екен?
мұздап қап... жөтелемін бе...
ыстық шайды ұрттап ап, отырамын ба
бозбалаға бір кезгі еркелегім кеп...


ол да мені сағынып жүретін шығар...
қайтеді көргісі келсе...
хат жазар мүмкін?!
қоңырау шала ма екен?
қаңғырып жүрген тағдырым
қалаға бөтен...
мен уақытты өтеді деп ойлаған жоқпын.
мен бақытты мәәәңгі деп санаған екем...


шарасыздық па төзімді сынай беретін...
ең мұңлы ән қосулы.
ең мұңлы адам шырқап тұр оны да бәлкім...
- көзіңіздегі от сөніп қалыпты...
- жылаған жоқпын...
(жыладың ба деп ол тіпті сұраған жоқ-ты...)
мен нені жасырғым келеді өзімнен?!
бір адам жерді қимайды...
аңсап жүр бір адам көкті...


құдай жөнінде ойларым қырық құбылып...
сәттерден неге естелік қалмай барады?
біреудің сенімін ақтағым келеді...
біреуге сенгім де...
мен ауыр ойларды...
қатені... күнәні... кінәні...
көтеріп жүремін...
мені де көтеріп жүреді жер күнде...
мен осы ғаламға
өзімді тануға келдім бе?
өзімді табуға келдім бе...


күз өтіп кеткендей. қыс та ертең өтеді....
о, тағы алданыш етеміз біз нені?!
о, тағы қаламыз келетін күндерге
үүүп-үлкен арманды мақсат қып...
көшкен бұлт. көшкен мұң. көшкен ел.
өзінен қорқатын өзімнен сескенем...
бәрі де баяғыдай
баяғыдай көрпенің астында көзіңнің жасына булығып жатасың...
өмірдің заңы екенін барлығы
құдайдың жарлығы екенін барлығы
шамаң жоқ ескерер..
шамам жоқ ескерер...
(мысалы, жұмыстан кеш келем...)
күз өтті ештеңе өзгертпей.
өтеді дәл солай қыс та осы.
жаздан да жоқ қайран...
күтпеймін сондықтан көктемнен ештеңе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу